Úı ANONS «170 млн. теңге жұмсалды»: Дендросаябақтағы ерекше кітапхананы көрдіңіз бе?

«170 млн. теңге жұмсалды»: Дендросаябақтағы ерекше кітапхананы көрдіңіз бе?

фото ШӨКҚ

Қала тұрғындары үшін ерекше табиғат аясындағы жаңа кітапхана ашылды. Бірегей нысанның құрылысына тура бір жыл уақыт кеткен. Жобаны іске асыру үшін 170 миллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Айта кетерлігі, заманауи орталықтың ашылғанына небәрі үш күн болса да, келушілердің қарасы өте көп. Табиғат аясындағы рухани орталық жайлы тарқатамыз. 

Табиғат аясында кітап оқығыңыз келсе, енді шетелге барудың қажеті жоқ. Өйткені мұндай еуропалық форматтағы демалыс орны Шымкентте де ашылды. Нью-Йорктің Брайант паркіндегі сезімді енді қаламыздың дендросаябағында орналасқан осы орыннан сезе аласыз.

Жаңа демалыс орны саябақ ішіндегі көлдің дәл жанында орналасқан. Жалпы аумағы 280 шаршы метрді құрайтын заманауи ғимарат табиғатпен ерекше үйлесім тапқан. Мұндағы сұлулыққа тек жергілікті тұрғындар ғана емес, тіптен өзге өңірлерден келген қонақтардың өзі таңдай қағып, тамсануда.

«Мен Шымкент қаласына бүгін қонаққа келдім. Осындай бір керемет жерге алып келді достарым. Өте қуаныштымын. Мынандай керемет кітапхананы көріп жатырмын. Қазіргі жастарға өте керемет үлгі. Телефон шұқып тырғанша осы кітап оқығаны дұрыс деп ойлаймын».

«Мен осы дендросаябақтың қасында тұрамын. Сондықтан осы жерге жиі келемін. Және менің ойымша осы кітапхананы ашу керемет нәрсе».

«Мен кітап оқығанды қатты жақсы көремін. Мен бұл кітапханаға бірінші рет келсем де кітаптары өте керемет екен. Негізі адам кітапты табиғат аясында оқыса өте жақсы оқиды. Мен енді бұл кітапханаға жиі келетін боламын».

«Мен күніне 2 рет дендропаркке демалуға, серуендеуге келемін. Таңда, кешке. Мұнда кофе ішіп, сүйікті кітаптарымды тауып,оқып көңілді уақыт өткізіп жатырмын».

Жаңа нысанның есігі айқара ашылғанына небәрі бірнеше күн болса да, келушілердің қарасы қалың. Көл жағасындағы жаңа кітапхананың іші де, сырты да келушілерді баурап алған. Мұнда әлемдік әдебиеттен бастап, заманауи бестселлерлерге дейін табуға болады. Ал басты назар — ұлттық руханиятқа,қазақ әдебиетіне аударылған.

ЛӘЙЛӘ ҚАНАТХАН, КІТАПХАНА ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Ашылғанымызға 3 күн болды. Адамдар ағылып келуде. Кітапханада 6000-ға жуық кітап бар. Басымдықты қазақ тілді кітаптарға берілген. Және де адамдар өздері қалаған кітаптарды алуға да және тегін оқуға да құқылы».

Мамандардың сөзінше жобаны іске асыруға 170 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Бұл қаржы бюджеттен емес, толығымен демеушілер тарапынан бөлінді. Орталықтың құрылысына тура бір жыл уақыт кеткен екен. Мұнда кітапханадан бөлек, үлкен кісілерге арналған шахмат ойнайтын арнайы орын да ашылды. Мамандардың айтуынша, жүргізілген құрылыс жұмыстары саябақ табиғатына ешқандай залал келтірмеген.

ЕСДӘУЛЕТ ДОСТИЯРОВ, ДЕНДРОСАЯБАҚТЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Бұл жерде мүмкіндік барынша экожүйені бұзған жоқпыз. Экожүйені толық сақтап қалдық. Ешқандай ағаштар кесілген жоқ. Халық арасында көбінесе енді түсініспеушіліктер орын алды. Ағаштардың бәрін кесіп жатыр деген сияқты.Ешқандай ағаш кесілген жоқ. Мүмкіндік барынша дендропарктің мәнін, мақсатын,сәнін бұзбай табиғи материалдардан істедік бұның бәрін».

Бүгінде дендросаябақта ағаштардың 330-ден астам түрі бар. Нысан заманауи демалыс аймағымен толықты. Енді бұл жер — табиғат аясында демалып, білім іздеген жандардың сүйікті орнына айналмақ.

Ботакөз Ануар