Шымкенттік оқушыларға жеке сәйкестендіру нөмірін алу міндеттелді

644
Балалар ЖСН

Кезекте тұрғандардың басым бөлігі ата-аналар. Олар оқушы балаларына жеке сәйкестендіру нөмірін алуға келген. Қалалық білім беру бөлімі бекіткен кесте бойынша 10-қазанда №7 мектептің 1927 оқушысы да құжаттарын рәсімдеуі тиіс екен. Жүрсін Қадырованың баласы №57 мектепте оқиды. Ол білім ошағының оқушылары белгіленген кесте бойынша, құжаттарын бір күн бұрын заңдастыруы керек екен.

Жүрсін Қадырова, Бозарық ауылының тұрғыны: «5 күн болды. Күнде осы кезек. «Живая очередь»-ке жазылсам, енді тізім бойынша мектептерді қабылдаймыз. Не деген сұмдық. Екі жақтан да қабылдамайды ма? Сонда жұмыстан сұрана береміз бе? Құжаттарды рәсімдеуді басқаша ұйымдастыруға болмас па еді?»

Сол сияқты осы мектептің 1270 оқушысы 9-қазанда құжаттарын ЖСН алуға тапсыруы тиіс болған. Алайда оны білетіндер аз болып шықты. Кезекте тұрған ата-аналар бұл тізім жайлы мектептер алдын-ала неге хабарламайды деп наразылықтарын білдіруде.

Жанаркүл Жұрынбаева, ата-ана:» Балам №57 мектепте оқиды. Олардың кезегі кеше өтіп кетіпті. Мына кестені кеше кешке іліпті. Қалалық білім бөлімі  тізім жайлы мектептерді хабар етпейді ме, мұғалімдер ата-аналарға жөндеп түсіндірмейді ме? Барлық уақытымды осы халыққа қызмет көсрету орталықтарында өткізудемін.»

Жеке сәйкестендіру нөмірін мектеп оқушылары міндетті түрде алуы тиіс деген талап қайдан туындады. Қазіргі таңда әрбір отбасында туындайтын бұл сауалды азаматтарды құжаттандыруға жауапты құрылым – облыстық ІІД көші-қон полиция басқармасының басшысына қойдық.

Балтабек  АБЫЛАЕВ, ОҚО ІІД көші-қон полиция басқармасының бастығы : «Біздің министрлік тарапынан мектеп оқушылары жеке сәйкестендіру нөмірін міндетті түрде алсын деген  құжат келмеді. 2013 жылдан бастап тек  жеке сәйкестендіру нөмірлері бар  құжаттар  қолданыста болады. 16 жасқа толған жасөспірім жеке куәлігімен ЖСН-ді алады. Оны жылдың соңына дейін де алдағы жылдары да тегін алуларына болады.»

Осындай қарбалас сәттерді жеңілдету үшін облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы болса, №3 филиалдың жұмысын оңтайландыруды көздеп қосымша бөлім ашуды ұйғарыпты.

Болат Адисаев, облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары: «Мектеп оқушыларының шұғыл түрде ЖСН алуына байланысты  халыққа қызмет көрсету орталықтарының филиалдарында жұмыс артты. Осы аптада Республика даңғылында №5-ші филаилды ашамыз. Онда 20   рәсімдеу орны қарастырылған».

Келер жылдан бастап салық төлеушінің тіркеу нөмірлері қолданыстан шығарылып, жеке сәйкестендіру нөмірлері енгізіледі. Осыған байланысты облыстық салық басқармасы мектептердегі мұғадімдер мен оқушылардың ЖСН мен СТН-ін беруді сұранды. Бұған қоса білім министрлігі Ұлттық білім беру деректер базасының ішкі жүйесін құру мақсатында 1996-2012 жылдар аралығында туған балалардың ЖСН алуын қамтамассыз етуді сұранып отыр. Қалалық білім бөліміндегілер бұл шараның маңыздылығына тоқталып, құжаттанджыруға шектеулі мерзім берілгенін алға тартты.

Жанат Тәжиева, қалалық білім беру бөлімінің бастығы: «Ия, асығыстық болды. Егерде уақыт бергенде ұйымдастырып, құжаттандыруды өз деңгейінде өткізетін едік».

Жаңалықтың құптарлық тұстары мол. Дегенмен, мектеп оқушыларының ЖСН алуына байланысты дайындық жұмыстары ертерек ұйымдастырылғанда, мұндай келеңіздіктерге жол берілмес пе еді дейді ата-аналар.