Қала күнінде ұлттық спорт ұлықталды

Дүбірлі тойға Қытай, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанның белді командалары арнайы келіпті.
Дүбірлі тойға Қытай, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанның белді командалары арнайы келіпті.

Шымқала тұрғындары қала күнін көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Орталық ипподромда ығы-жығы халық. Қала әкімдігінің бөлімдері киіз үй тігіп, мерекелік дастархан жайды. Жастар алтыбақан тебісіп, мінайым мейрамның ажарын кіргізгендей. Әсіресе, ұлттық спорт түрлерін тамашалаушылардың қатары қалың.

Еңбектеген баладан еңкейге қартқа дейін қыз қуу, аламан бәйге, көкпар ойынының қызығы мен шыжығына куә болды. Бір айта кетерлігі, қала күніне орай мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 90 жылдығына арналған көкпардан XI һәм аударыспақтан III халықаралық турнир байрағын түрді. Дүбірлі тойға Қытай, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанның белді командалары арнайы келіпті.

Көкпар тамашалауға келгендердің қарасы қалың

Жарыстың ашылу салтанатында қала әкімі Қайрат Молдасейітов, қалалық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Бекназаров, ҚР Ұлттық ат спорты қауымдастығының вице-президенті Сәдібек Түгел, облыс спортының басшысы Болат Қырықбаев және ОҚО ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Нұрмахан Жолдасов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен бірге, қыз қуу, аламан бәйгеден озып шыққандарды марапаттау рәсімі өтті.

Жүзден жүйрік шыққандарға спорт жанашырлары бағалы сыйлықтар табыстады. 15 шақырымға созылған аламан бәйгеде топ жарған «Құлагер» тұлпары бас бәйге жеңіл автокөлікті қанжығасына байлады. Қалалық әкімдік басшылары да аянып қалмай, құнан бәйгеден озып шыққан тұлпар иесіне автокөліктің кілтін тапсырды.