Көпбалалы анаға көмек керек

854
Күніне екі нан тапса, бұл үйде қуаныш
Күніне екі нан тапса, бұл үйде қуаныш

Шымкентте тағы бір көпбалалы ана баспанасыз күнелтіп жүр. Алды 16-ға, арты 1 жасқа енді толған алты баласын аштан қалдырмаймын деп тырмысқан Татьяна Култышева шымқалаға 2004 жылы көшіп келген. Әйелінің жетіншісіне аяғы ауыр екенін естіген күйеуі оларды далаға тастап кетіпті.

Балалардың үшеуі мектеп жасында, алайда киімнің жоқтығынан сабақ оқымайды

Бұл Култышеваның балаларына жасаған ең дәмді дастарханы. Жұмыссыз, жалғызбасты анаға 16 жасар қызы ғана қолқанат. Өзге балалары әлі кішкентай. Сондықтан да оларды жалғыз тастап кете алмайды. Қара нанға ақша таппай отырған отбасы мемлекеттен жәрдемақы да алмайды. Құжаттарын арқалап бармаған жері де қалмапты ананың.

Жалғызбасты, көпбалалы ана балаларының тоқтығын ойлайды

Татьяна Култышева, көпбалалы ана: «Қайда барсамада  барлығы «білмейміз» деп жауап береді. Балаларымнан айрылғым келмейді. Солардың тоқ болып, аман-есен жүргенін қалаймын. Бұрын Шардарада тұрғанымда үш балама 6500 алатынмын. Содан бері алты балалы болдым. Енді қалған үшеуіне жәрдемақыға құжат өткізейін десем, ешкім тыңдамайды. Тым болмағанда жол сілтесе болады ғой».

Култышева Татьянаның ең дәмді дастарханы осы

Не жарығы, не ауызсуы жоқ мына үйде тұрып жатқандарына екі ай болыпты. Алғашында тегін тұрасың деген иесі, енді келіп ақша талап етіпті. Үйді босатуға отбасына екі апта уақыт берген.

Татьяна Култышева, көпбалалы ана:»Мына үйге кіргенімде әйелі тегін тұра бер деген болатын. Енді күйеуі келіп, айына 7 мың теңгеден төле деп отыр. Ақшаң жоқ болса, балаларыңды ал да, кет деп отыр. Маған баспана керек. тым болмаса темір вагон. Ол жерден ешкім қуып шықпаса деп тілеймін».

Балаларының мектепке бармайтыны ананың жанын жегідей жейді. Екінші қызы Екатерина анасының өзгелердің берген кеңесіне ермей, бауырларын қолынан келгенше асырап, жетелеп жүргеніне алғыс айтады. Тек мектепке барсам деген арманы орындалмайма деп қорқады.

Екатеринаның мектепке барғысы келеді

Екатерина Култышева: «Менің де құрдастарым секілді сабақ оқығым келеді. Бірақ мектепке қалай барамын. Киетін киімім жоқ. Құжаттарың дұрыс емес деп, мектептен де шығарып жібіреді. Қатарымнан қалғым келмейді. Өзіміздің үйіміз болса деп армандаймын. Өскенде аспаз боламын. Бауырларымның қарны тоқ болу үшін барлық тәттілерді пісіріп беремін».

Балалардың киетін киімі де жоқ

Бір нанды әрең тауып отырған көпбалалы ана балалары аш қалмасын деп қайыр да сұрайтын көрінеді. Мемлекеттен тиесілі жәрдемақымды алсам, балаларыма киімін, кітабын әперіп мектепке жіберер едім. Алайда құжат өткізбек түгілі, кеңес ала алмай шарқ ұрдым деген көпбалалы ана күйеуі бас тарқан жетінші баланы қалайда өмірге әкелмек ниетте. Оның бар үміті жаны жомарт жандарда.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=5hTBPQaA9FI[/youtube]