Шымкент қаласы қысқа дайын

267
Қардан тазартылатын көшелер саны 114-ке артқан
Қардан тазартылатын көшелер саны 114-ке артқан

Қандай қатты қыс болғанымен шымкенттіктер оған даяр. Қараша айының бірінші жұлдызынан бастап көпқабаты үйлерге жылу беріліп, қар тазалаумен айналысатын мекемелер техникаларын қысқы мезгілге өткізді. Қала бюджетінен бөлінген қаражатқа көктайғаққа себілетін құм мен тұз жеткізіле бастады. Қалалық ТЖБ «Қыс 2012» республикалық оқу жаттығуын өткізіп, шахардың алдағы қысқа дайындығына оң деген баға берді.

Шымкенттің біршама көшелеріндегі тазалыққа «Югдорсервис» мекемесі жауапты. Қолда бар 25 техниканың ескіргеніне қарамастан, жұмысшылар жыл сайын қатты аязда жолдарды қардан тазартып келеді. Бұған дейін 44 көше қардан тазартылып келсе, енді олардың саны 53-ке жетіпті. Тек көшеге төсеуге қажетті құм биыл кешеуілдетіп басталыпты және оның сапасына мамандардың көңілдері толмайды.

«ЛТД тұрмыс» мекемесінің құрылғанына биыл 5 жыл. Қысы-жазы қаладағы жолдардың 70 пайызын күтіп-ұстау осы мамандарға жүктелген. Биыл қолданыстағы 300-дей техниканың доңғалақтары толығымен ауыстырылып, Ресейден қар тазалайтын щеткалар алдырылды. Мұнда екі ауысыммен жұмыс істейтін жүргізушілер тынығатын бөлмелер мен асхана да қарастырылған.

Жасыратыны жоқ, өткен қыста «ЛТД Тұрмыстың» жолға себетін құмы мен тұзы таусылып, өзге мекемелерден алуға тура келген. Биыл сол жағдай қайталанбас үшін қажетті материалдарды көбірек қамдапты. Оған себеп те жоқ емес – қардан тазартатын көше саны да 77-ден 114-ке артқан.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=4MVFtKqIn7w[/youtube]