Қаладағы тазалық жұмыстарына қыруар қаржы бөлінді

644

Шымкент қаласында көктемгі тазалық жұмыстары қызу басталып кетті. Жұмысшылар көшедегі ағаштардың түбін ақтап, қаулап өскен шөптерді орып жатыр. Жалпы тазалыққа аудан әкімдіктері жауапты. Әр ауданның көлеміне және қажетілігі мен сұранысына қарай бюджеттен қаражат бөлінеді. Мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпаздары тазалық жұмыстарымен айналысады.

Қала бойынша биыл тазалықпен 4 мекеме айналысады. Осы іс-шараны атқаруға бюджеттен 150 млн. теңге қаражат бөлініпті. Бұдан бөлек қала көшелерін абаттандырып, қураған ағаштарды бұтауға 50 млн. теңге қаралған. Сала мамандарының айтуынша Абай ауданының көлемі жалапы қала аумағының 42 пайызын құрайды. Ең үлкен аудан. 800 – ден астам көше бар. Өткен жылы осы көшелердің 80 пайызы қамтылыпты. Жалпы Шымкент қаласындағы орталық көшелердің толық тазалығына «ЛТД Тұрмыс» мекемесі жауапты. Серіктестікке бір жылға 1 млрд. 600 млн. теңге қаражат бөлінген.

Қаладағы Абай ауданының аумағын тазалаумен бүгінде 4 мекеме айналысады. Солардың бірі – «Ақсемсер» ЖШС – і. Мекеме шебері Айбала Аққұмова қарамағындағы 20 жұмысшымен таңсәріден кешке дейін тыным таппайды. Бүгін олар жол жиегіндегі шөптерді орып, талдарды әктеп, қашыртқы арықтарды тазартуға кірісті. Өз істеріне жауапты жұмысшылар «қалалықтар да тазалыққа немқұрайлы қарамаса, істелген жұмыс көрінер еді», – дейді.

Тазарту, көгалдандыру жұмыстарына биылға бөлінген 150 млн. теңгеге 270 көше тазартылады деп бекітілген. Жауаптылардың айтуынша, өткен жылғы межеге жету үшін әлі 70 млн. теңге қаражат керек.

Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің орынбасары: «Ағаш қырқу жұмыстарын мемлекеттік сатып алу конкурсында мүмкіндігі шектеулі жандардың орталығы ұтып алды. Заң бойынша бірінші кезекте сол азаматарды жұмыспен қамтуымыз керек».

Шымкент қаласының аумағы жылдан-жылға ұлғайып, бүгінде 147 мың гектарға жетті. Қала көлемі өскен сайын оның тазалығына қажетті қаражат та қомақты болатыны заңды. Сол себепті әр ауданда 5-6 мердігер компаниялар тазалық жұмыстарына тартылады. Облыс орталығының негізгі көшелерінің тазалығына бұрынғысынша, «ЛТД Тұрмыс» компаниясы жауапты.

Нұрлан Күдерұлы