Шымкентте бір көшені су алып кетті

354
С.Әшіров көшесінің тұрғындары үйінен шыға алмай қалды
С.Әшіров көшесінің тұрғындары үйінен шыға алмай қалды

Қаладағы бұрынғы Дизельная қазіргі Сейітқасым Әшіров көшесінің тұрғындары бүгін үйлерінен шыға алмай қалды. Өйткені түні бойы толсассыз жауған жаңбырдың салдарынан көше суға толған. Балалар да амалсыз сабақтан қалуға мәжбүр болды. Қыс басталмай жатыр осындай проблемаға тап болдық деп көше тұрғындары арнамызға хабарласты.

Көлігі жоқтар осылай судан өтуде

Осы көшеде 45 жылдан бері тұратын Айымхан Ақжолова соңғы төрт-бес жылдан бері осылай су кешіп, немерелерін мектепке өткізеді. Проблеманың осынша уақыттан бері орын алғанына қарамастан әкімдік мамандары оны шешуге асығар емес деп налиды ол.

Айымхан Ақжолова, С.Әшіров (Дизельная) көшесінің тұрғыны: «Біздің көрген күніміз осы. Біреуі келіп, көмектесейін демейді. Шымкентте тұрсақ та, ауылдағылардан бетер күн кешеміз. Кешкеніміз су, балаларымызды арқалап әрең өткіземіз. Өзімізді ең соңғы, ешкімге керек емес адамдай сезінеміз».

Тұрғындардың арызданып бармаған жері қалмаған

Бұл көшеде 200-ден аса үй бар. Қыстың күні көктайғақ, күз бен көктемде көлшікке айналатын көшелерден жүру қиынға соғады.

Нұрділдә атай: «Қысы-жазы көргеніміз осы»

Нұрділдә Айтпанбетов, С.Әшіров (Дизельная) көшесінің тұрғыны: «Біз кімге бармадық. Әкімге де талай бардық. Екі-үш мәрте келіп, суын сорғаннан басқа ешкім ешнарсе істемейді. Менің үйімнің мына бетонынан тұрғындар арлы-берлі өтеді. Мейлі, өте берсін қызғанбаймын, бір-ақ ар жағындағы сайға құлап, талайы аяғын сындырды».

Көлігі барлар амалдап өтеді. Жаяу жүргіншілердің бұл мәселемен осыған дейін бармаған жері, қақпаған есігі қалмапты.

Халықтың тағы бір налитыны осы округтен сайланған депутаттардың сайлау алында уәдені үйіп-төгіп, осындай жағдайда төбе көрсетпейтіні. Жауапты мамандардан онсызда әлдеқашан күдер үзілген. Қарашаның жаңбырына шыдас бермеген көшедегі жағдай қыстың қаһарында не болатыны беймәлім.

 

 

Көшеде аяқ басар жер қалмаған

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=vEmaoD_TFCw[/youtube]