Судың бір бөшкесі 2 800 теңге

717

Аудан, қала әкімдерінің халық алдындағы жылдық есептері аяқталды. Талай мәселе көтерілді. Енді жерлестеріміз сол шенеуніктер берген уәделерін қашан орындайды деп күтіп отыр. 10 жылдан бері өтініш тілектері орындалмай жүрген Тұран шағынауданының тұрғындары биліктен күдер үзген. Жыл сайын әкім есебіне барып, көмек сұрағанымен, келіп жағдайларымен танысқан бір басшы болмапты.

«Айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау». Шымкенттегі Тұран шағынауданынындағы 32 котеджді тап осы мақалға теңеуге болады. Бұл баспаналар 2007 жылы Тұран шағынауданы Сайрам ауданына қарайтын кезде тұрғызылған. Аудан әкімдігі коммуналдық және ипотекалық үй ретінде әлеуметтік тұрмыстары төмен отбасыларын қоныстандырған. Кейін Шымкент қаласының Әл Фараби, сосын Қаратау аудандарының құрамына кірген. Бірақ әлі күнге дейін ешқайсының құжатары рәсімделмеген.

Рахия Адаева, тұрғын: «Қолымызда ешқандай заңды құжат жоқ, бәрі көшірме. Бірақ бәрі өтірік болып шықты, екі рет сотқа да бардым. Анда бар, мұнда бармен әлі жүрміз».

Бұл мәселені тұрғындар аудан, қала әкімдерінің есептік кездесулерінде жыл сайын көтереді. Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі Сайрам ауданынан құжаттар келмеген дегеннен әріге аса алмайды. .

Кезінде баспана тұрғызған сайрамдық шенеуніктермен де сөйлесіп көрдік. Айтуларынша бұл мәселені сот қана шешеді деп отыр.

Ербол Сарыбеков, Сайрам аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы: «Біз ол кісілерге сотқа беріңіздер шешімі сол болады дегенбіз. Кезінде 130, 140 мың төлегендері бар, кейін төлемей қойған әкімдіктегілер ақша сұрамағаннан кейін олар да үйімізден айрылып қаламыз деп үндемей отыра берген. Ауданен қалаға ауысып елеусіз қалған».

10 жылдан бері құжатарын рәсімдей алмай жүрген бұл жерлестерімізде коммуналдық мәселе де шешілмеген. Электр жарығы жеке меншіктің қолында, бағасы қымбат. Көгілдір отынның құбырлары бар, бірақ онда газ жоқ. Суды сатып ішеді. Айтуларынша судың бір бөшкесі 2800 теңге тұрады.

Тұрандықтардың талай жылғы мәселесіне құлақ түрер бір адам болмай отыр. Әкімдіктегілер бір-біріне сілтеуден арыға аса алмайды, одан қалса, жыл сайын есептік жиындарда құрғақ уәдемен шығарып салады.

Нұрлан Күдерұлы