Естеріңізде болса біз газет бетінде өңірімізге жасаған сапары барысында Қазақ Үкіметінің басшысы Серік Ахметовтың Шымкентте Мұхтар Шахановты кезіктіріп, онымен төс қағыстырып, сүйісіп амандасқанын айта келе «Үкімет енді қазақша сөйлейтін шығар» деген болатынбыз. Міне, жақсы ырымға балаған сол бір кездесу сәтінен нәтиже шыққандай.
Кешегі аптада Үкімет басшысы Серік Ахметов Министрлер кабинетінің отырыстары мен ірі жиындарды мемлекеттік тілде өткізу туралы шешім қабылдады.
Үкіметтің соңғы аптадағы отырысы толығымен тек қазақ тілінде өтті. Оның үстіне бұл жолы Үкіметте жастар саясаты сөз болды. Аға буынның жастар тәрбиесіне қазақша сөйлеп отырып, бас қатыруы тіпті жарасымды болды.
Әншейінде аузынан тек орысша сөз шығатын Қаржы министрі Болат Жәмішев те баяндамасын басынан аяғына дейін қазақ тілінде жасап шықты. Сөйтсек, ниет болса Үкімет те қазақша сөйлей алады екен.