БИ – КӨСЕМ
Ол көпті көрген, яғни, «көре-көре көсем болған», көкірек көзі қиядағыны шалатын, ойы орамды, көнені ғана көріп қоймай, болашақты да тап басып, болжам жасай алатын, әрдайым халық көңілінен шығатын жан болуы шарт.
БИ – ШЕШЕН
Ол – сара сөздің саңлағы. Бірде астарлап, бірде мысқылдап, сүйектен өткізіп, мақтамен бауыздап, қажет жерінде қара тасты қақ айырып түсерлік семсерден бетер от ауызды, орақ тілді ұшқыр сөз зергері.
БИ – АҚЫН
Үш кемеңгер би Төле, Қазыбек, Әйтекенің әрбір сөзін төгіліп тұрған жыр емес деп кім айтады? Ұйқасының қаланған тастай беріктігі, әр сөздегі ырғақ үндестігі қас ақынға тән шеберлік болмай, немене?
БИ – ЗАҢГЕР
Халық арасында «Би екеу болса, дау төртеу болады» деген сөз бар. Бұны даулы мәселені екі би емес, үш би шешеді деп түсіну қажет. Олар бірі айыптаушы (прокурор), екіншісі ақтаушы (адвокат), үшіншісі төбе би (судья).
БИ – ЕЛШІ, МӘМІЛЕГЕР
Ол тек ел ішіндегі ғана емес, мемлекетаралық даулы мәселелерді шешу үшін жат жерге де білек сыбанып барған. Оған «Жауластырмақ – жаушыдан, елдестірмек –- елшіден», «елшісіне қарап елін таны» деген халық даналығы дәлел.
БИ – ЖҮРЕК ЖҰТҚАН БАТЫР
Бидің батырлығы – қолына қару алып жауға шабуында емес, қылышынан қан тамған қаһарлы хан, сұлтан немесе елдесуден кеткен ежелгі жау алдында тұр екенмін деп именбей керекті жерінде өткір тілімен турап түсетін әділ сөзін айтуында.
БИ – САЯСАТКЕР, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Олар ел мен ел арасындағы қоғамдық мәні зор, саяси мәселелерді шешуде хан-сұлтандардың негізгі тірегі, кеңесшісі болған. Мысалы, Жәнібек ханның сыртқы саясатының мәселелеріне баға беріп, жөн сілтейтін 60 биі болған, Абылай ханның 8 биі болған. Күлтөбе, Мәртөбе бастарында өткен талай әйгілі кеңестерде, келелі істерде кеңес берген осы билер.
БИ – ОЙШЫЛ, ҒАЛЫМ
Ол халық тарихын, әдет-ғұрпын, салт-санасын меңгерген, кемел ой түйген философ, ғылымның әр саласынан хабары бар білімпаз. Олар өлмес қағида, қанатты сөздер қалдырып, болашаққа көріпкелдікпен болжау жасаған данагөйлер.
БИ – ПСИХОЛОГ, АКТЕР
Би адамның жан-дүниесін, мінез-құлқын бір көргеннен тап басып танитын, кәнігі психолог болуы шарт. Қарсыласының жан-дүниесіне үңілумен қатар, билер олардың әрбір қимыл-қозғалысын, үн-бояуын қалт жібермей қадағалап, соған орай өзі де дауыс ырғағын құбылтып, әр сөзінің мән-мағынасын ашатындай қимыл-қозғалыспен бет пішінін, қас-қабағын ойната білетін тамаша актерлік қабілет иелері. Олар әр сөздің жүректен шығып, жетіп отыруын көздеген.
БИ – ТӘРБИЕШІ
Би атанып халыққа танылғандар «өзім болдым, өзім толдым» деп келте ойламаған. Қал-қадірінше жоқ-жітіктің, әлдіден зәбір көрген әлсіздің жоғын жоқтап, ел мүддесін көздеген, жастарға батасын беріп, өмір бойы жинақтаған тәлім-тәрбиесін, ұлағат сөздерін құлақтарына құюдан жалықпаған.
Мақсұт Нәрікбаев, заң ғылымдарының докторы