Мүмкіндігі шектеулі азаматтар кәсібін дөңгелетуде

308
"Құс жолы" қайырымдылық қорының грант иегері анықталды

 

"Құс жолы" қайырымдылық қорының грант иегері анықталды
«Құс жолы» қайырымдылық қорының грант иегері анықталды

Мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсібін дөңгелетуге бағытталған «Жұлдыздарға қара» жобасы мәресіне жетті. Анығырақ айтсақ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» мен «Қазкоммерцбанктің» «Құс жолы» корпоративтік қайырымдылық қоры ұйымдастырған кәсібін жаңа бастаған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жобасының екінші кезеңінің қорытындысы мәлім болды.

Жалпы бюджеті 8 млн.теңгені құраған жобаға өңірдің 1-ші және 2-ші топ мүгедектері қатысқан. Нәтижесінде, «Құс жолы» қайырымыдылық қоры комиссиясы шешімімен Түлкібас ауданының 36 жасар тұрғыны Кималхан Түймебеков арнайы грант иегері атанды. Бөлінген қаржы тауық фермасын ұлғайтуға жұмсалмақ. Бала кезінде көру қабілеті нашарлап, жасы ұлғайған сайын ауруы өршіп, соның салдарынан 1-топтағы мүгедек атанды. Денсаулығының болмауына қарамастан, малшаруашылығымен айналысуда. Кішігірім фермасы бар, бұл жұмыспен айналысуға оның ұлдары көмектеседі. Грант қаржысы фермаға – тауықтарды сатып алуға жұмсалады.

Ал тағы бір грант өңірдің 29 жасар тұрғыны Дмитрий Артеменкоға бұйырды. Түлкібас ауданында 1983 жылы дүниеге келген. 2000 жылы Түлкібас ауданының А.Молдағұлова атындағы орта мектебін бітіріп, қазір М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің информатика мамандығының 5-ші курс студенті. 15 жасында сәтсіз жағдайдың салдарынан 1-ші топтағы мүгедек атанды. Жеке кәсіппен айналысу, фото салонды ашу оның бала кездегі арманы. Грант қаржысына Дмитрий Артеменко жұмыста қолданатын жабдықтарды сатып алмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер жұмысы назарда болады.

Кималхан Түймебеков, «Құс жолы» қайырымдылық грантының иегері: «Өте қуаныштымын, алғысымды білдіремін! Мұндай шарапатқа ие боламын деп ойламаған едім. Себебі, мен сияқты мүмкіндігі шектеулі жандар өздерін өзгелерден төмен санайтыны бар. Сондықтан, менің айтарым қорықпаңыздар, ешқандай да бөлектеушілік жоқ! Егер мен сияқты кәсіпкер болуды армандасаңаздар осы қайырымдылық шарасына қатысыңыздар. Мен бұл қаржыны тауық фермама жұмсаймын. 200 бас тауық сатып аламын. Қалай болғанда да еліме сапалы ет, сапалы өнім ұсынғым келеді. Қазіргі уақытта «америкалық тауықтарды» жеп жүргендер бар. Олардың сапасына ешкім кепіл бере алмайды! Сондықтан осы бір тауық кәсібін қолға алуға бел байладым! Мақсатым осы!»

Ал келесі кезекті «Жұлдыздарға жобасына» қатысуға жасы 18-ге толған, 1 және 2-топтағы мүгедек (өзінің ЖК 01.01.2011 жылдан бергі мерзімде алғаш тіркеген) бойындағы дарынын, тәжірибесін пайдалануға, жеке, азаматтық, кәсіби жүзеге асыруға құлшынысы бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Аталған жоба Қазақстанның 14 облсында, сонымен қоса Алматы және Астана қалаларында 2012 жыл бойында екі кезеңмен өткізіледі. Бағдарлама аясындағы екі кезеңнің нәтижесінде 4 мүмкіндіктері ектеулі бастауыш кәсіпкерлер гранттардың жеңімпаздары атанды. Қалия Киясова, Күлсара Елеусізова, Кималхан Түймебеков, Дмитрий Артеменко.

Самат Ақылбеков, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының» ОҚО аймақтық филиалының директоры: » Бұл қайырымдылық шараны дәстүрлі шараға айналдырып отырмыз. Себебі, қоғамда көмекке зәру жандар жетерлік. Ең бастысы, мүмкіндігі шектеулі жандардың назардан таса қалғанын қаламаймыз. Барынша қолдау көрсетіп, кәсіптерін дөңгелетуге жағдай жасағымыз келеді. Сол себепті бүгінде түрлі бағдарламалар мен жобаларды қолға алып отырғанымыз бар. Оларға қуаныш сыйлап, өмірге деген құштарлығын оясақ біздің көздеген мақсатымыздың орындалғаны деп есептеймін!»

1997 жылы сәуір айының 26-жұлдызында №665 «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қорын құру туралы» Қаулыға сәйкес құрылған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ бүгінде осылайша шарапаты мол шараларды жүзеге асыруда.