Сайрамдағы қазақтар ұл-қызын өзбекше оқытып жүр

Балқия Көмекбаева, Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы

Бүгінгі облыс әкімдігінде өткен кезекті мәжілісте тіл басқармасының бастығы Б.Көмекбаева баяндама жасап, облыстағы тіл мәселесінің жетістіктері мен проблемаларына тоқталып өтті.

Балқия Көмекбаева, Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы

Басқарма бастығының мәліметінше, 2012-2013 оқу жылында 1019 мектепте 534195 оқушы білім алады. Оқушылардың 395484-і (74%) қазақ сыныбында, 57918-і (10,8%) орыс сыныбында, 76900-і (14,4%) өзбек сыныбында, 3893-і (0,7%) тәжік сыныбында оқиды. Қазақ сыныптарындағы 13809 өзге ұлт оқушыларының 4998-і (42%) өзбек, 1861-і (12%) тәжік, 603-і (4%) орыс, 6347-сі (41%) басқа ұлт өкілдері. Орыс сыныптарындағы 57918 оқушының 16471-і (28,4%) қазақ, 14228-і (24,5%) өзбек, 12991-і (22,4%) орыс, 1064-і (1,8%) тәжік, 13164-і (22,7%) өзге ұлт өкілдері.

Тілдерді дамыту басқармасы жыл сайын мектепке дейінгі мекемелердің орыс топтарындағы тәрбиеленушілері арасында «Қазақшаң қалай, балақай?» атты облыстық байқауы өткізеді. Облыс әкімінің қолдауымен тілдерді үйрететін тілашар анимациялық фильмдер шығарылып, қазіргі таңда тиісті мекемелерге таратылуда. Сайрам ауданында 120 қазақ бала өзбек сыныбында білім алады. Көлкент ауылында 51 бала, Манкент ауылында 37 бала, Сайрам ауылында 11 бала, Қарасу ауылында 7 бала, Қаратөбе ауылында 5 бала, Арыс ауылында 4 бала, Жібек жолы ауылында 4 бала, Қарамұрт ауылында 1 бала өзбек сыныбында оқиды.

Бұл өз елінде тұрып жатқан қазақ балаларының ана тілінде емес, өзбек тілінде білім алуы жергілікті әкімдер мен білім бөлімінің ойландыруы тиіс. Облыстағы жоғары оқу орындары мен тіл оқыту орталықтарында қазақ, орыс, ағылшын, неміс, француз, испан, араб, түрік, қытай, корей тілдері (10 тіл) оқытылады. Мектептерде 297 967 оқушы ағылшын тілін, 4115 оқушы неміс тілін, 2246 оқушы француз тілін, 1001 оқушы түрік тілін, 154 оқушы араб тілін оқиды.

Облыс тұрғындарының лингвистикалық капиталын дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Облыста тұратын 717444 өзге ұлт өкілінің 83,4 пайызына өз ана тілінде білім алуға толық жағдай жасалған. Облысымызда орыс, өзбек драма театрлары, 8 қазақ-орыс тілдерінде, 29 орыс тілінде, 10 өзбек тілінде, 1 қазақ-өзбек тілдерінде таралатын бұқаралық ақпарат құралдары бар.

Облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі