Шылаушындар шаруаны дөңгелетпек

Райс Қараибрагимов жетекшілік ететін қор кәсіпкерлерді желпіндіретін арнайы жобаны қолға алыпты
Райс Қараибрагимов жетекшілік ететін қор кәсіпкерлерді желпіндіретін арнайы жобаны қолға алыпты
Райс Қараибрагимов жетекшілік ететін қор кәсіпкерлерді желпіндіретін арнайы жобаны қолға алыпты

Бүгінде кәсібін дөңгелетемін деушілерге барлық жағдай бар. Тек кәсіптің көзін таба білсе болғаны. Оған қоса мемлекет те қолдауға әзір. Осы орайда облыстық кәсіпкерлерді қолдау қоры шаруаларға зор мүмкіндік ұсынып отырғанын айта кетейік.

Жердің құнарлылығын арттырып, түсімді молайту көптен бері диқандардың бас ауруына айналғаны мәлім. Тіпті шаруалардың «нөмірі бірінші» мәселесі дерсіз. ОҚО «Фермерлер мен кәсіпкерлерді қорғау» қоры ендігі кезекте осы түйткілді шешуге білек сыбана кіріскендей. Райс Қараибрагимов жетекшілік ететін қор кәсіпкерлерді желпіндіретін арнайы жобаны қолға алыпты. Жуырда осы жобаны халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында баспасөз жиынын ұйымдастырды. Жиынға ОҚО гидрогеолог-мелиоративті бекетінің бөлім бастығы Валерий Абдрахимов, ОҚО табиғи ресурстарды басқару және табиғатты пайдалану басқармасы бас маманы Ғалымжан Лесов және ОҚО білім басқармасының экологиялық орталық төрағасының орынбасары Зухра Халмұратова сынды сала мамандары қатысты. Қор төрағасы Раис Қараибрагимовтың атап өткеніндей, маңызды жобаны Дүниежүзілік экологиялық қорының шағын гранттар бағдарламасы қаржыландырып отыр. Оның негізгі бағыттары шаруалардың көңілінен шығатындай-ақ. Айталық, басты мақсат – малшаруашылығының қалдықтарын өңдеп, экологиялық таза органикалық тыңайтқыштарды өндіру.

Бұл ретте әуелі ірі қара малдың қиындысы, сабан және өсімдік қалдықтары өңделмек. Бір айта кетерлігі, малшаруашылығының қалдықтарын өңдеу үшін калифорниялық қызыл шылаушындар қолданылмақ. Кәсіпкерлердің пайымынша, шылаушындар малдың қиындысының ішінде қорытып, шаруаларға экологиялық таза әрі құнарлы биогумус тыңайтқышын береді екен. Бұл тыңайтқыштың ерекшелігі сол, экологиялық таза ауылшаруашылығы өнімдерін өсіріп, минералды тыңайтқыштарды аз пайдалануға септігін тигізуінде. Жоспар бойынша екі жылдың ішінде 2000 тонна мал қиындысы өңделіп, 150 тонна биогумус өндірілуі тиіс.

Енді экологиялық таза тыңайтқыштарды өндірудің бірқатар пайдасын тізбектей кетейік. Біріншіден, жердің құнарлығы молайып, түсім көлемі 30-дан 70%-ға дейін ұлғаймақ. Одан кейін екі қолға бір күрек іздеп жүргендер жұмыспен қамтылса, жобаға қатысушы шаруашылықтардың жұмысы жанданып, халықтың әлеуметтік ахуалы көтерілетін болады.

Тағабай ҚАСЫМ