Сарбаздың өліміне әскердегі әлімжеттіктің қатысы жоқ

681
марқұм Саид Қалелов
марқұм Саид Қалелов
марқұм Саид Қалелов

Әскерден тағы да шу шықты. Кеше Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде сарбаз қаза болғаны туралы айтқан болатынбыз. Белдігіне асылып қалған 20 жастағы жігіттің мәйітін таңғы 5-те казармадағы киім-кешек кептіретін бөлмеде кезекші тапқан. Отан алдындағы борышын өтеуге Ақмола облысынан шақырылған Саид Қалелов Шымкентке келгеніне екі-ақ ай болыпты.

Жерлесінің өз-өзіне қол жұмсағанына жауынгер Дамысбек Сырғалының сенгісі келмейді. Қамтамасыз ету ротасында көлік жүргізу курстарын өтіп жатқан жас сарбаз Саид Қалелов дәл осы киім кешек кептіру бөлмесінде асылып өлген. Түнгі сағат төрттер шамасында әжетханаға шығады. Сосын қарама-қарсы тұрған бөлмеде өз өзіне қол салған.

Дамысбек Сырғалы, қатардағы жауынгер: «Жатарда бәріміз әдеттегідей, бір-бірімізге қайырлы түн тілеп ұйықтадық. Таңертең оның өзіне қол жұмсағанын естідік, сенбедік. Ақкөңіл, сержанттармен де, қарулас достарымен де тез тіл табысатын, мақсаты айқын. Алдына қойған міндеті көп жауынгер еді».

Марқұм соңғы кездері дәрігерлерге жиі қаралып жүр екен. Бұл туралы өзге сарбаздар жақсы білетін болып шықты. Ал қайғылы оқиға орын алатын күні де мазасы болмағанға ұқсайды.

Дамир Абжалов, қатардағы жауынгер: «Сол күні кешкісін көңіл-күйі болмады. Шаршаған шығар деп ойладым. Артық сұрақтармен мазалығым келмеді, сөйтіп жатып қалдық».

Ал ішкі әскери бөлім басшылығы ресми түрде сарбаздың қазасы оның қызметіне қатысы жоқ екенін және ешқандайда әлімжеттіктің құрбаны болмағанын жариялады.

6506 ішкі әскер командирі
6506 ішкі әскер командирі

 

Шерімхан Шанбаев, 6506 ішкі әскери бөлімінің командирі:»Сарбаздың қаза болуына әскердегі әлімжеттік себеп болуы мүмкін емес. Сарбаз өз-өзіне қол жұмсаған. Кешеден бастап, әскери прокуратура тергеу жұмыстары бастап кетті. Менде өз тарапымнан тексеру жүргіземін».

Отан алдындағы борышын өтеп болған соң, әскери қызметті жалғастырмын дейтін Саид келмеске кетті. Ойсырап орны қалды, достарының арасында. Ал мәйіті туған жеріне жеткізілді бүгін.