Бұрымдылар бокстасты

Арулар шаршыалаңда

Биылғы арулар мерекесінің қарсаңында бұрымды боксшыларымыз қос қуанышқа кенелді. Бұған дейін мәлімдегеніміздей, Шымкент төрінде ұйымдастырылған арулар арасындағы ел чемпионаты мәресіне жетті. Көпшіліктің болжағанындай, жеңіс тұғырына көтерілген кіл қаймақтар. Болашағынан үміт күттіретіндері де баршылық.

Олимпиада бағдарламасымен қауышқан соңғы спорт түрлерінің бірі  әйелдер боксы
Олимпиада бағдарламасымен қауышқан соңғы спорт түрлерінің бірі әйелдер боксы

Бүгінде үлкен спортта шекара жоқ екендігіне анық көзіміз жетіп отыр. Сиқырлы спорт жас пен жасамыс-ты тұңғиығына тартып барады. Тіпті арулардың да ерлерден қалысқысы жоқ. Спорттың қайнаған ортасына күмп беріп, несібелерін айырып жүргеніне көзіміз үйренді. Таңданарлығы сол, сұлулардың қол салмаған спорты сирек. Зілтемірді кеудесінен асыра сілтеп, бозкілемде жұмарласып жатқан да нәзікжандар. Таяуда Олимпиада ойындарына қыздар боксы да еніп тынды. Рас, адамзатты арбаған спорттың құдіреті шексіз.

Олимпиада бағдарламасымен қауышқан соңғы спорт түрлерінің бірі әйелдер боксы. Бұрынырақта шаршы алаңда тек ерлер жұдырықтасатындай болып көрінетін. Уақыт өте келе, жазылмаған заңдылықты қаракөздеріміз бұзды. Алып анадан туады деуші едік. Қазір болашақ аналарымыз қолына қайыс қолғапты киіп, шаршы алаңда қойғыласып жүр. Бокс «сырқатына» ұшырағандай. Оған 2005 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келе жатқан ел чемпионаты айқын дәлел. Жарыстың ауқымы да жыл сайын кеңейіп келеді. Ел чемпионы атану үшін 300-ге жуық бұрымды боксшының басы тоқайласатынын айта кетейік. Қыздарымыз қым-қуыт бәсекенің арқасында халықаралық додалардан олжалы оралып жүр. Құрлықта ешкімге дес бермейміз. Әлем біріншілігінен бұйырған жүлделер іш жылытарлық.

Мәселен, қаракөз қандастарымыз Назгүл Боранбаева, Назым Қызайбай әлемдік сайыстың қоласын иемденсе, Юлдуз Маматқұлова күміспен күптелді. Қазір көпшіліктің назарында жүрген Марина Вольнованың күш-қайраты тасып тұрған шағы. Өткен жылғы Лондон олимпиадасында қоржынға қола салғанын білесіздер. Әлем біріншілігінің күміс жүлдесі де қанжығасында. Сонымен қатар, Сайда Хасенова Олимпиаданың қызығы мен шыжығын көріп қайтты. Өкінішке қарай, аяулы қызымыздың жолы болған жоқ.

Арулар шаршыалаңда
Арулар шаршыалаңда

Біз күткендей, ұлттық құрама мүшелері бұл жолы да ешкімге есе жібермеді. Бәрінің бабы мен бағы келісіп, чемпиондық атақтарын еселей түсті. Әдеттегідей, Алматы, Жамбыл, Қарағанды облысы және Астана, Алматы қалаларының өкілдері жоғары дайындықпен келіпті. Ересектер сапында үш бірдей Алматы қаласының өкілі топ жарды. Әлем біріншілігінің қола жүлдегері Назым Қызайбай (48 келі), Сайда Хасенова (64 келі) мен Дариға Шәкімова (69 келі) қарсыластарына есе жіберген жоқ. Жамбыл облысы мен Астана қаласының қоржынына екі бағалы жүлде түсті. Тараздықтардан Феруза Шәріпова (60 келі) мен Юлдуз Маматқұлова (81 келі) үздік шықса, Елорданың мақтаныштары Марина Вольнова (75 келі) және Ләззат Күнгейбаева (аса ауыр салмақ) алтын жүлде иеленді. Қуанышымызға орай, Оңтүстіктің үкілі үміті Жайна Шекербекова сенімді ақтады. Алматылық Рано Пархатоваға еш мүмкіндік бермей, өңірімізден жалғыз өзі жеңіс тұғырына шықты. Одан бөлек, Анастасия Заикина күміс, Нұржайна Елубаева мен Мария Макатревич қола жүлдемен қуантты.

Тағабай ҚАСЫМ

Сайда ХАСЕНОВА
Сайда ХАСЕНОВА

Сайда ХАСЕНОВА, Лондон олимпиадасына қатысушы, Азия чемпионы

– Шымқалада бұған дейін бірнеше рет болдым. Қаланың жыл сайын ажары кіріп жатқандай. Жанкүйерлердің қолдауының арқасында жеңіске жеттім деп ойлаймын. Келесі Олимпиадаға қазірден дайындықты бастап кеттім. Жүлдеге ілікпей тынышталмайтыным анық.

 

 

 

Жайна ШЕКЕРБЕКОВА
Жайна ШЕКЕРБЕКОВА

Жайна ШЕКЕРБЕКОВА, Азия чемпионы

– Ең қиын жекпе-жекті финалда өткіздім. Қарсыласым жылдам, әрі соққысы қуатты екен. Әрине, жерлестерімнің алдында жеңілуге хақым жоқ еді. Олимпиада ойындарына іріктеу жарысында жолым болмағанын білесіздер. Енді сол сәтсіздікті жуып-шайғым келеді. Барлық аруларды келе жатқан мейрамдарымен құттықтаймын.