Оңтүстік әншілері жанды дауыста ән айтудан қорықпайды

1005
М.Тәукеевтың "Көктемге сағыныш" атты шығармашылық кеші өтті
Әнші бұл кешке бар жігерін жұмсадым, тер төгілді, сондықтан халықтың көңілінен шығады деген үміттемін деді әсерін жасырмай
Әнші бұл кешке бар жігерін жұмсадым, тер төгілді, сондықтан халықтың көңілінен шығады деген үміттемін деді әсерін жасырмай

«Арай – 2002» республикалық жас әншілер байқауында бас жүлдені, осы жылы Тараз қаласында өткен II Республикалық «Жас толқын» студент жастар фестивалінде I орынды, Ш.Қалдаяқов атындағы Халықаралық «Менің Қазақстаным» атты байқауда III орынды, Қызыл –Орда қаласында өткен Р.Бағланованың мерейтойына арналған «Ақмаңдайлым» әншілер байқауында бас жүлдені иеленген, Халықаралық “Шабыт” фестивалінің лауреаты, биыл «Алтын көшбасшы» және ОҚО бойынша «Жылдың үздік әншісі» арнайы сыйларымен марапатталған әнші Мамадияр Тәукеев Шымкентте өткен шығармашылық кешін «Қазақ елі» патриоттық әнмен бастады. Ән кеші қаламыздағы Ж.Шанин атындағы драма-театрында өтті. Әншінің айтуынша, есеп беру кешінің ерекшелігі – әндер жанды дауыста ғана емес, үлкен -кішінің талғамында орындалуында.

Мамадияр Тәукеев, әнші: “Менің бұл концертімде жұртшылықты елең еткізетіндей таңқалдырарлық дүние болмаса да, кез келген әнші халықтың алдында есеп беруге міндетті деп ойлаймын. Тиісті де. Менің алғашқы шығармашылық кешім 2004 жылы, одан кейінгісі 2006 жылы өтті. Араға 7 жыл тастап, “Көктемге сағыныш” атты концертімді беріп отырмын. Қазекең “үште болса – күш” деген ғой, 3-ші кешім де ойдағыдай, халықтың көңілінен шығатындай өтеді деген сенімдемін. Қыс ауасынан кейін қалың киімімізді тастап, жаңа өмірді бастап дегендей ғой енді… Күн де жылып мынау біздің көңілімізді көтеруде. Сондықтан мен кешімнің атын “Көктемге сағыныш” деп атап отырмын. Бұл кеш баршамыздың сағынышымызды басады деп ойлаймын. Бүгінгі кеште жаңа әндерім орындалады, сонымен қоса мені көпшілікке танытқан ән “Арманым” болғандықтан, осы әнді де орындаймын, бірақ жаңа бағытта. Біраз әндер жазылды, еңбек жасалды, тер төгілді дегендей… Енді бағасын халық бере жатар”.

Ән кешіне келген көпшіліктің қарасы қалың болды
Ән кешіне келген көпшіліктің қарасы қалың болды

«Көктемге сағыныш» тақырыбы аясында өрбіген кешке келген көпшілктің қарасы қалың болды. Өнерсүйерқауым әншінің талантына тәнті болып, құшақ-құшақ гүл шоқтарын ала келіпті.

Гүлжазира Нұрпейісова, әнші: “Мамадиярдың ән кеші өте жоғарғы деңгейде өтіп жатыр деп айта аламын. Дәл қазіргі заманда 5 адамның басын қоса алмайсың ғой, көрермен қып. Бүгінгі кешке келген көпшілікті көріп риза болып отырсың. Тыңдрманың болса ғана сен бақытыт әншісің. Сондықтан мен айтар едім Мамадияр өнердегі бақытты әнші деп. Мен Мамадиярды құрметтеймін, себебі ол әндерін әрдайым жанды дауыста айтады, сонымен қоса талай дүркін халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Негізі әнші өзін мойындатқыс келсе ең алдымен байқауларды бағындыруы керек деп ойлаймын”.

Марат Бақытжанұлы, көрермен: “Мен Мамадиярдың өнерін құрметтеймін. Еңбегі көп. Жастайынан өнерге келіп, талмай-тынбай өнердің өрлеуі үшін еңбектеніп жүр. Талай байқаулардың бәйгелерін алып келіп, облыстың атын шығарып жатыр. Есімін басылым беттерінен оқып қаламыз. “Жеңіспен келді, Мамадияр жаңа әндер жаздырды” деген мәтіндерде. Бүгін мынау гүл шоқтарымзды әкеліп, отбасымызбен концертті тамашалап отырмыз. Мамадиярға шығармашылық табыстар тілейміз”.

Сахна төрінде халықаралық байқаулардың лауреаты жанды дауыста 16 ән орындады. Сонымен қоса, әншінің өнердегі әріптестері, яғни қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары да өнер көрсетті. Бүгінге дейін 70-тен астам ән жаздырып үлгерген өнер иесі алдағы күндері жаңа бейнебаяндар түсіруді жоспарлап отыр.