ВИЧ індетін жұқтырған қыз бала анықталды

325
ВИЧ індетін жұқтырған тағы бір бала анықталды

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтырған 10 жасар қыз бала анықталды. Аты жаман аурудың дендеуінің үш сатысы болса, арнайы сараптама жеткіншектің дерті асқынып, екінші клиникалық сатыда екенін анықтаған. Ата-анасы, перзентінің Ағзаның Иммундық Тапшылығы вирусын 2005-2006-шы жылдары күнгейдің ауруханаларында жұқтырғанына сенімді.

ВИЧ індетін жұқтырған тағы бір бала анықталды
ВИЧ індетін жұқтырған тағы бір бала анықталды

30 жастағы келіншектің елден бетін жасыра бастағанына бір ай. 4 баланың анасына наурыз айында дәрігерлер оған екінші перзентінің ағзаның иммундық тапшылығы вирусын жұқтырғанын хабарлаған. Оның өзі кездейсоқ анықталыпты. 10 жасар қызы жыл сайын балалар демалыс үйінде ем қабылдайтын. Бірақ осы жолы дәрігерлер жеткіншектен сынама қан алған.

Алматының сарапшылары қыздың қанында ВИЧ індетінің барын растаған. Әрі аты жаман ауру асқынып, соңғы сатыға бір табан қалыпты. Алайда, оның қашан және қай жағдайда жұққанын анықтау қиын екен.  

Ал, аты жаман ауруға шалдыққан баланың анасы перзентінің қауіпті індетті шамамен 2006 жылы Оңтүстікте балалардың жаппай ВИЧ-ке шалдыққан кезінде жұқтырғанына сенімді. Өйткені, дәл сол уақытта бүлдіршін Сайрамдағы ауруханада қатарынан екі жыл ем қабылдаған екен.

Балалардың ВИЧ індетін жұқтырғаны кеш анықталып жатқан жағдай Оңтүстікте бір бұл ғана емес. Былтыр күзде аты жаман ауруға шалдыққан тағы бір өспірімді дәрігерлер бес жыл бойы пневманиядан емдеп келген болатын. Бірақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары баланың ВИЧ-ті ауруханада емес, белгісіз жағдайда жұқтырған деп маңына да жуытпаған еді.

Естеріңізге салайық, 2005-2006-шы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының ауруханаларында дәрігерлердің салақтығынан балалар жаппай ВИЧ індетіне шалдыққан болатын. Сол кезде өңірдің Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы мен мен бір топ дәрігер сотталған еді. Жағдай онымен жөнделмеген сияқты. 

Балалар жаппай ВИЧ-ке шалдыққан жылдан бері өңірде осы індетті жұқтырған балалар мен таралған орындарын анықтау шаралары бірнеше рет жүргізілген. Десе де, аудандардағы кей медициналық мекемелер тасада қалып қойған көрінеді. Қазір, облыста аты жаман ауруды жұқтырған 232 бала бар. Соның 178-і ғасыр дертін ауруханаларда жұқтырғанын облыстық Денсаулық сақтау басқармасы да мойындап отыр.

Бекжігіт Мәуленов

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=dPJvLj68DSs[/youtube]