Қалай қорғап жүрміз? 5 айда 36 шағым түскен

ОҚО Балалардың құқығын қорғау департаментінің директоры Ғалия Жүсіпбекқызы

ОҚО Балалардың құқығын қорғау департаментінің директоры Ғалия Жүсіпбекқызының айтуынша, былтырға қарағанда биыл баланың құқығын таптайтын мәселеге орай арызданушылардың қатары артқан. Өткен жылы бес айда 28 арыз-шағым келіп түссе, биыл – 36 арыз. Олардың ішінде әлеуметтік мәселеге байланысты – 12, медицинаға – 5 , баланы қорғаншылыққа алу жөнінде – 2, полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері мен құжаттандыру мәселесі бойынша – 5 шағым бар.

ОҚО Балалардың құқығын қорғау департаментінің директоры Ғалия Жүсіпбекқызы
ОҚО Балалардың құқығын қорғау департаментінің директоры Ғалия Жүсіпбекқызы

Сондай-ақ, департаментке ажырасқан ерлі -зайыптылардан бірнеше арыз-шағым түскен. Қай кезде болмасын ата-ана арасындағы түсініспеушілік баланың психологиясына қатты әсер тигізетіні мәлім. Себебі, кез-келген бала ата-анасымен бірге бақытты отбасында тәрбиеленгісі келеді. Соттың шешімімен анасында қалған баланың тәрбиесіне араласуға, онымен көрісіп тұруға, заңға сәйкес әкелердің құқығы бар. Алайда, өмір көрсетіп отырғандай, кейбір аналар ажырасқан соң балаларын бұрынғы күйеуіне жолықтырғысы келмейді, бала тәрбиесімен айналысуға қарсылық танытады. Мұндайда, департамент ата-аналарға заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, мектеп қызметкерлері мен мұғалімдер тарапынан баласының құқығы бұзылу фактісі бойынша 8 шағым келіп түсіпті. Олар Мақтарал, Төлеби, Сарыағаш аудандары мен Шымкент, Түркістан қалаларынан түскен. Сондай-ақ, жыл басынан бері баланың туған әкесінен зәбір көру фактісі бойынша Шымкент қаласының «А» есімді азаматшасынан арыз келіп түсіпті.

Осы жерде айта кететін мәселе, тұрғын үйдің ауласындағы немесе саябақтағы әткеншектен жарақат алған балалардың ата-аналары да департаментке жиі хабарласады екен. Алайда, Ғалия Жүсіпбекқызының айтуынша, бұл оқиғалардың орын алуына ата-аналардың өздері де кінәлі, себебі есік алдында ойнап жүрген баланы назардан тыс қалдыруға болмайды.

1949 жылы Парижде өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында БҰҰ-ның қолдауымен 1-ші маусымды балаларды қорғау күні деп атап өту келісілген.

– Естеріңізде болса, қайбір жылдары Біріккен Араб Әмірлігі Эр-Рияд қаласындағы саябақтардың бірінде аттракцион істен шығып, 12 бала жарақат алды. Сырғанау кезінде қатты жылдамдықта келе жатқан аттракционның қауіпсіздік белдеулері істен шығып, балақайлар орындықтарынан ұшып кеткен болатын. Басқа облыстардың бірінде саябақта орнатылған үрлемелі секіргіш «батут» ішіндегі балақайлармен қоса аударылып, бірнеше бала жарақат алған. Осындай жағдай орын алған жағдайда ата-аналар құқық қорғау органдарына шағымдануы тиіс. Дегенмен, бетін әрмен қылсын, бүгінге дейін мұндай шағыммен келген бірде бір азамат жоқ,– дейді Ғалия Жүсіпбекқызы.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ