Қарабұлақтықтар қоқыстан шыққан иіске тұншығып отыр

Қоқыс орнының көлемі - 10 гектар

Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылының тұрғындары түрлі ауруға шалдығып жатыр. Оған себеп – ауылдағы қоқысхана. Мал өлекселері мен өзге де тыйым салынған қоқыстарға толы орын жабылмай, жергілікті жұрттың ауруға ұшырауы тоқтамайды дейді ашынған жұрт. Ал Қарабұлақтағы қоқысхана жабылмай, біз де тоқтамаймыз деп отыр.

Қалдар Сүлейменов
Қалдар Сүлейменов

Қалдар Сүлейменовтің отбасы Қарабұлақтан үй соққанда баспаналы болдық деп қуанған. Арада жыл өтпей бұл қуаныш су сепкендей басылды. Өйткені, денесін басып бара жатқан мынадай жаралар қазір екі ұлына да жұққан. Қоқысхананың жанында өмір сүргеннен болуы мүмкін депті дәрігерлер. Себебі, жарасы жазылмай, ем қонбағанына қазір 7 жылдан асып барады.

Қалдар Сүлейменов, Қарабұлақ ауылының тұрғыны: «Ем қонған жоқ. Дауа таппаған дәрігерлер күннің суықтығынан немесе қоқысхананың әсерінен дейді. Бізде қыс суық болмайды ғой. Қазір қолдарым іріңдеп жатыр. Жазылар емес».

Қымбат Сәдуова
Қымбат Сәдуова

Қымбат Сәдуова да науқасқа шалдыққан тұрғынның бірі. Қоқыс орны жабылсын деп айқайшы болып жүрген осы кісі. Апайдың бұлайша шырылдауына негіз бар. Өйткені, қоқыс тастау талабы бойынша мұнда азық-түлік қалдықтарынан басқа қажетсіз заттар әкелінбеуі тиіс. Осыны құзырлы орындар қадағаламайды дейді.

Қымбат Сәдуова, Қарабұлақ ауылының тұрғыны: «Қазір тамақ іше алмай жатырмын. Құсып жатырмын. Мен түсінбеймін, халықты мынадай жағдайда қинап, әкімдік не үшін отыр бұл жерде?! Әкімнің аузынан қайда барсаңдар, онда барыңдар деген сөз шықты бізге! Бір адамды әкімдіктің бірнеше адамы болып тоқтата алмай отыр. Бұл неқылған сұмдық? Заңға қайшылық келтіріліп жатыр. Бұлай болмайы керек».

Қоқыс орнының көлемі - 10 гектар
Қоқыс орнының көлемі – 10 гектар

Қоқысхана алаңы – жекенің меншігінде. Сондықтан да оны жабу мүмкін емес. Бұл ауылдық әкімдіктегілердің сөзі. Бір анығы – санэпидемқадағалау бөлімінің мамандары қазір бұл іспен айналысып жатқан көрінеді. Демек, жабылады деген үміт бар.

Бақтиер Шамуратов, «Нақты жауабын сот шешеді. Сотқа санэпидемқадағалаушылар арызды бүгін-ертең өткізсе, әрі қарайғы жұмыс солардікі. Біз тек түсіндіру жұмыстарын ғана жасай аламыз. Жекеге құзіретіміз жүрмейді».

Қоқысхана қожайынымен тілдескенімізде өлекселердің тек аумақтың сыртында жатқанын айтып ақталды. Бұл мекен жеке азаматтардың жер телімдері екен. Атқарушы билік сол жандармен ғана түсіндіру жұмыстарының жүргізілетінін айтты. Ал көлемі 6,5 гектар мемлекеттік қоқысхана келесі жылы ғана қолға алынбақ. Оған дейін қолқаны қапқан қоқыс иісімен жүре тұруына тура келеді қарабұлақтықтардың.

Қарабұлақ ауылында 60-қа жуық мал сою бекеті бар. Түрлі ауруға шалдығып абыржыған тұрғындардың жалғыз тілегі – қоқысхананы жабу. Соңғы нүктені енді сот қоймаса, қарабұлақтықтар Елбасыға дейін барамыз деп отыр.

Қоқысхана маңында 30-дан аса отбасы өмір сүреді
Қоқысхана маңында 30-дан аса отбасы өмір сүреді
Қоқысхананың қызмет етіп жатқанына 20 жылдан асқан
Қоқысхананың қызмет етіп жатқанына 20 жылдан асқан

 

Жаңа қоқысхананы салу үшін қаржы сұраттық дейді әкімдік өкілдері
Жаңа қоқысхананы салу үшін қаржы сұраттық дейді әкімдік өкілдері
Жеке кәсіпкер өз аймағында тек азық-түлік қалдықтары тасталғанын айтып ақталады. Бірақ мұнымен жергілікті тұрғындар келіспейді
Жеке кәсіпкер өз аймағында тек азық-түлік қалдықтары тасталғанын айтып ақталады. Бірақ мұнымен жергілікті тұрғындар келіспейді

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=a-EvInQdyrs[/youtube]