«Томпақ» түсіріліп жатыр

Сценаристі әрі режиссері – Батырхан Дәуренбеков
Сценаристі  әрі режиссері – Батырхан Дәуренбеков
Сценаристі әрі режиссері – Батырхан Дәуренбеков

«Балапан» телеарнасының тапсырысы бойынша «Сақ» киностудиясы балаларға арнап фантастикалық кино түсірмек. Туындының сценаристі әрі режиссері – Батырхан Дәуренбеков. Киноның түсірілімі мамыр айында басталады.

Түсірілімге театр және кино өнерінің әртістері Ж.Ақшораев, Н.Еспанов, Ж.Дүйсенбі, А.Әлиевтермен бірге шымқаланың 70-ке жуық мектеп оқушылары қатысады екен. Басты рөлдерде: Ы.Алтынсарин атындағы №65 гуманитарлық-эстетикалық мектеп-гимназиясының оқушысы – Арман Қасымбеков, №59 жалпы орта мектеп оқушысы – Айбек Туғанбаев пен №68 негізгі орта мектептің оқушысы – Рауан Ахмедовтер ойнайды.

Он екі бөлімнен тұратын жаңа телехикая «Томпақ» деп аталады. Телехикая Төле би ауданының Диханкөл мен Қасқасу ауылдарында түсірілмек.

Фильмнің желісі бойынша, бір ауылда тұратын кішкентай үш бала түнде көршінің алма бағына ұрлыққа түседі. 2-ші сыныпта оқитын үш дос, ойнап жүріп ауыл сыртына шығып кетеді. Олар кенет аспаннан бір жарық сәуленің жерге қарай зымырап келе жатқанын көріп, алып-ұшып жетіп барса, жерде қирап жатқан ұшатын табақшаны көреді. Олар сол маңда ес-түссіз жатқан, жатпланеталықты тауып алып, түнде өздерімен бірге үйлеріне алып қайтады. Оған «Томпақ» деп ат қояды. «Томпақ» есін жиған соң үш достың өмірінде адам сенгісіз ғажап оқиғалар басталады.

Хикаяның өзгелерден бір ерекшелігі – онда кино мен анимация жанры қатар қолданылмақ. Хикаяның әр сериясының ұзақтығы – 30 минутты құрайды. Әр серияда бір оқиға аяқталып отырады екен. Батырхан Дәуренбековтың айтуынша, фильмге түсетін оқушылар мектеп директорларының рұқсатымен сабақтан уақытша босатылады. Бірақ бұл оқушылар жыл соңына дейін сабақтан қалады дегенді білдірмейді. Сәтін салса жаңа туынды қыркүйек айында толық аяқталмақ. Сол кезде үлкен экранға шығады деп жоспарланып отыр.

Айжан Ермекқызы