Қалада тұрса да жағдайлары жоқ

Жекенің құзырындағы су есептегіш құралы да жақында жарылып кетіп, сол маңдағы үйлерге су тасыған

Қалада емес, қышлақта тұратындаймыз. «Қайтпас» шағынауданының тұрғындары арнамызға осылай шағымданып келді. Айтуларынша, «Қайтпастағы» ағайынның коммуналдық қызметтерден мақұрым болып келе жатқанына 7 жылдан асқан. Жеке меншік су беруші мен жарық және көгілдір отын берушілердің қымбат тарифінен шығынға батқан жұрт жауапты мекемелерден де пайда көрмесе керек.

Гүлшат Әшімова
Гүлшат Әшімова

Гүлшат Әшімованың отбасында бір заң бар. Ол қағида бойынша таңертең ұйқыдан кім бірінші оянса, сол үйдегі құтылардың барлығын суға толтырып қоюы тиіс. Өйткені, су берушілердің оны қай уақытта тоқтатары белгісіз. Қайдан құлақ шығарса да қазаншы солар.

Жарықтың жыры да өз алдына бөлек әңгіме. Мұндағылар электр қуатын тұтынғаны үшін 3 есе ақы төлейді. Жекеден қуат алатын қайтпастықтардың осылай жетімнің күйін кешіп келе жатқанына 7 жылдан асып барады. Жетім деуге себеп бар. Өйткені, шағынаудандағы Ақсауыт, Бексейіт Түлкиев секілді 4 көшеге биліктің назары түспей-ақ қойды. Ал электр бағандары мен көгілдір отын туралы сөз қозғаудың өзі артық.

Жекенің құзырындағы су есептегіш құралы да жақында жарылып кетіп, сол маңдағы үйлерге су тасыған
Жекенің құзырындағы су есептегіш құралы да жақында жарылып кетіп, сол маңдағы үйлерге су тасыған

Қайтпастықтар жақын арада көгілдір отын мен жарыққа жариды. Ол үшін қазір мердігер компаниялар жұмыс істеп жатыр. Коммуналды шаруашылық бөліміндегілердің жауабы осы. Сондықтан жекенің қызметін пайдалануда шағынаудан жұрты шексіз шыдамын таныта білуі тиіс екен.

Ал қайтпастағы су проблемасы толықтай шешілген болып шықты. Ауызсудың әлегі туралы маманнан сұрағанымызда тіршілік нәрі бойынша мұнда кемшіліктің жоғын алға тартты. Суды орталық жүйеге қостырмаған тұрғындардың өздері кінәлі дейді мамандар. Ол үшін тиісті мекемеге арыз жазылса болғаны, бұл проблема да шешіліп тұрған көрінеді.

 

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=FjNYWUEILfQ[/youtube]