Қоғамда жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа тоқтам бар ма? «Жемқорлыққа жол жоқ» деп ұрандатқанымызбен, кесапат кесел қайта өрши түскендей. Облыстық сотта «Сыбайлас жемқорлықпен күрес механизмдерінің түйткілдері, оларды шешу жолдары» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде осы жайында кеңінен сөз болды.
Сыбайластықтың тамырына балта шабу жайында аз айтылып жүрген жоқ. Қай жиын болмасын жағымсыз кесел хақында сөз қозғау әдетке айналған. Өкініштісі сол, айта-айта жағымыз талса да, жемқорлықтың үні өшетін түрі көрінбейді. «Жығылған үстіне жұдырық» болғандай, кейінгі кездері құқық қорғау өкілдерінің өзі алаяқтыққа, сұғанақтық кеселіне шалдықты. Сол себепті облыстағы құқық қорғау органының басшылары бас қосып, «балық басынан шіридінің» алдын-алу жайын сөз етті. Дөңгелек үстел мәжілісін ашқан облыстық соттың төрағасы Н.Шәріпов: «Бүгінде жегіқұрт жемқорлық кеселі мемлекетімізді алаңдатып отыр. Онымен күресуге тек құқық қорғау органының өкілдері ғана емес, қарапайым тұрғындар да атсалысса. Қауіпті құбылысқа жұрт болып жұмыла тойтарыс беруіміз ләзім», – деді. Келелі кеңеске «Нұр Отан» ХДП ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Мамытбеков, ОҚО ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасы басшысының орынбасары Шырынбек Оңғаров, ОҚО қылмыстық істер жөніндегі аппеляциясының сот алқа төрағасы Бек Әметов, ОҚО Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Ә.Зейнабилов, облыс әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының хатшысы Қасым Ағабеков қатысты. Шақырылған қонақтар баяндама жасап, күн тәртібіндегі түйткілді мәселенің жай-жапсарын көпшілікке ұғындырды.
Ашкөздік әрекет ешкімге абырой әпермесі анық. Дей тұрғанмен, кейінгі жылдары осы бір кесір кеселді жұқтырып алғандаймыз. Қай салада болмасын, жағымсыз қасиет белең алған. Дөңгелек үстелде сөз қозғағандардың дені осы пікірді қуаттайды. Ал жемқорлық белең алған салалардың көшбасына кеден, салық мекемелері жайғасыпты.
Тағабай ҚАСЫМ