ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев облысымызға сапарын «Көксарай» су реттегішімен танысудан бастады.
Вице-премьермен бірге барған облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен орынбасары Берік Оспанов астаналық шенеуніктерге су реттегіштің қазіргі ахуалымен, өңірге тигізіп отырған пайдалы тұстарымен және де әрі қарай атқарылатын шаруалармен таныстырды.
Айта кетейік, Үкіметтің тікелей бастамасымен селден қорғау мақсатында салынған аталмыш су реттегіші 2011 жылдың желтоқсан айында пайлануға берілген болатын. «Көксарай» су қоймасының сыйымдылығы 3 млрд метр куб. 44 километрге созылып жатқан плотина мен гироқұрылымның табанына 50 млн м куб топырақ мен бетон төселіп, 100 мың тонна металл пайдаланылған.
Су реттегіштің мүмкіндіктері мен пайдалы тұстарын түсіндірген облыс әкімінің орынбасары Берік Оспанов «Көксарайдың» сол маңдағы аудандардың ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге үлкен септігі тиіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, Қызылорда облысының дихандары үшін де тигізетін пайдасы орасан зор. Осы маңдағы суармалы жерлердің 75 пайызға жуығы біздің облыста екенін айтқан облыс әкімінің орынбасары су реттегіштің арқасында әлі талай елдімекендер мен егістік жерлердің суға қарық болатынын меңзеді.
Дегенмен бірінші кезекті Көксарай облыстағы су басу қаупі ерекше саналатын елдімекендерді бұл қорқыныштан құтқарады. Алдыңғы жылдары көктем шыға жиналған судың артығын Сырдарияның төменгі сағасына, яғни біздің өңірдегі бөлігіне ағыза салатын Қырғызстан мен Өзбекстаннан келер қауіп су реттегіш салынғалы осылайша шешімін тапқан.
Жасанды су қоймада ешқандай төтенше жағдайлар мен кем-кетістіктердің жоқ екеніне көз жеткізген Бақытжан Сағынтаев облыс басшылығының жол бастауымен әрі қарай Түркістан қаласына сапарлап кетті.