Úı ANONS Түркістандық диқандар судан тапшылық көруі мүмкін

Түркістандық диқандар судан тапшылық көруі мүмкін

Түркістан облысы шаруаларын алдағы егін маусымында да су тапшылығы күтіп тұр. Көрші елдерде жауын-шашын жеткілікті болмаса, оңтүстікте егін бітік шығуы неғайбыл. Алайда облысы басшысы мұндай сценарийге дайын отырғандарын мәлімдеді. Ал әкімнің дайынбыз дегені – өңірде күріш алқабын екі есе қысқартпақ. Шаруалар болса, жаппай су үнемдеу технологиясына көшуі керек. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеров Астанада өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Түркістан облысы дегенде ең алдымен диқандар, егістік алқаптары еске түседі. Облыс әкімінің бүгінгі брифингінде де сол шаруалардың жайы жиі көтерілген мәселенің бірі болды. Былтырғы егін маусымында Шардараның суы азайып, диқандар  су тапшылығына ұшырап, ала жаздайғы маңдай тері еш кеткен еді. Сол жағдай тағы қайталанбасына кепіл жоқ.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысы әкімі: «Егер осы қыс айларында қар-жаңбыр жақсы жауатын болса, көрші елдерде – Өзбекстан, Тәжікстанда, Қырғызстанда, сонда біз судан тапшы болмаймыз. Егер ол болмайтын болса, онда су тапшылығына ұрынамыз. Біз оған да дайынбыз».

Дайынбыз дегенде, бас қатыратын ештеңесі жоқ. Салмақ сол баяғы шаруаларға түскелі тұр. Су жеткілікті болмаса, күріш алқабы екі есе қысқарады. Оның үстіне, диқандар тегіс тамшылатып суару технологиясына көшуі керек. Бірақ, мына бір жайттарды ескермей кетуге болмайды. Мәселен, облыс аумағында арықтардың 76 пайызы тозған. Әкім оны жөндеп жатырмыз дегенімен, соның өзінде тозу көрсеткіші бар болғаны 50 пайызға дейін азаймақ. Бұл бір. Екіншіден, былтырғы су тапшылығында диқандар тапшылық құрғақшылықтан емес екенін қадап айтқан болатын.

Бауыржан Сариев, Диқандар мен мақташылар одағының іс басқарушысы: «Құрғақшылық болды» дейді. Бұл құрғақшылық емес. Мына қоймаға 5 млрд. 300 млн. куб су кетеді. Бұның арғы басында Өзбекстан территориясы бар. Факт: қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір – 4 ай бойы құлағы ашық тұрды да 1,8 млрд. куб су солай қарай кетті. Сондықтан біз тапшылық көрдік».

Түркістан өңірін сол қырынан ерекшелеп тұрған мәселе бұл ғана емес. Аймақта кәріз жүйесі сын көтермей тұрған жерлер жетерлік. Әсіресе, Сарағаштағы шипажайлардың жайы Мәжілісте сөз болған еді. Депутат Темір Қырықбаев 60 шипажай мен мыңнан астам үйдің кәріз жүйесі тозып, жарамсыз болып қалғанын айтқан.

Темір Қырықбаев, Мәжіліс депутаты: «Негізі бұл мәселе көршілес мемлекет пен аудан тұрғындарына үлкен экологиялық қауіп төндіріп тұр. Себебі, кәріз жүйелерінен шыққан сасық сулар шипажайға жақын орналасқан Келес өзінене ағып жатыр. Ал Келес өзенінің суын 600 мыңнан астам адам пайдаланады.

Алайда әкім депутаттың сөзін жоққа шығарды. Өзен суы ластанбағанын, қазір онда жөндеу басталғалы жатқанын айтады.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысы әкімі: «Келес өзеніне құю дерегі орын алып отырған жоқ. Біз тиісті жұмыстардың бәрін атқардық. Оған арнайы жобамыз бар. Қазіргі таңда мердігер жұмысын бастап кетті. Енді республикадан қаржысын сұрап отырмыз. Толық қаржымыз болса, ендігі жылы бітіреміз. Болмаса, келесі жылға өтпелі болады».

Түркістан облысын айшықтаған және бір жайт, осыдан бірер күн бұрын облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының көлік тұрағында төбелесіп жатқан видеосы тараған еді. Осыған келгенде ғана әкімді іштей қынжылатынын мойындаған болды. Қазір бұл іс бойынша тәртіп кеңесінің шешімін күтіп отырғанын айтады. Сол шешім бойынша лауазымынан босатылмақ.

Ербол Тұрымбет