Зейнетақының тағдырына мемлекет жауапты

Зейнетақыңыз қай қорда?
Зейнетақыңыз қай қорда?
Зейнетақыңыз қай қорда?

Қазақстанда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды. Елбасының қадағалауымен қолға алынған іс, ақырында шындыққа айналып, елдегі барлық салымшылардың зейнет күніме деп жиған тергені бір қордың қол астына өтетін болды. Үлкен қаржы қоржынына айналатын бұл қор осыған дейін әрекет етіп келген «мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы негізінде жасалды.

Яғни «МЖЗҚ» АҚ-ның аты өзгертілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қабылдаған қаулысында: «Қазақстан Халық Банкі» АҚ еншілес ұйымы «Қазақстан Халық Банкінің Жинақтаушы зейнетақы қоры», «ГРАНТУМ жинақтаушы зейнетақы қоры» («Казкоммерцбанк» АҚ еншілес ұйымы) және «Ұлар Үміт» жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамдарының акцияларын мемлекеттік меншікке қабылдау және оларды «БЖЗҚ» АҚ-ға беру жөніндегі іс-шаралар жоспары мақұлдансын» делінген. Одан өзге жинақтаушы зейнетақы қорлары туралы ештеңе айтылмаған. Оларда жатқан қаржының мемлекеттік қорға берілуі қалай жүретіні әзірге белгісіз. Анығы сол, БЖЗҚ-ы елдегі барлық жинақтаушы қорлардың активтерін өзіне алады. Бірақ, сол жинақтаушы қорлардың бағалануы екі жаққа тиімді болып, өгіз өлмейді, арба сынбайдының кейпінде жасалу керектігі және бар. Бұған дейін мәлім болғандай, «Қазақстанның халық банкі» АҚ еншілес ұйымы «Қазақстан Халық Банкінің Жинақтаушы зейнетақы қоры» БЖЗҚ-ға берілген кезде, өтемі ретінде қор иесіне БЖЗҚ-дан акциялық үлес беріледі. Яғни, «Қазақстанның халық банкі» акционерге айналады. Ал, одан бөлек «ГРАНТУМ жинақтаушы зейнетақы қоры» («Казкоммерцбанк» АҚ еншілес ұйымы) және «Ұлар Үміт» жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамдарының акцияларын мемлекеттік қордың меншігіне өткен кезде, ол екі қор иелеріне мемлекет үлесіндегі акциялар қайтарылады. Яғни, айырбас жүргізіледі. Сәйкесінше «Грантумның» иесі Казкомерцбанк болса, «Ұлар Үміттің» қожайыны БТА банкі. Бұл екі банктің де акциялық пакеттерінде ел үкіметінің үлестері бар. Сол үлес өздеріне тиеді. Егер де акциялық үлестердің құны жинақтаушы қор құнынан аз болса, онда оларға да «Қазақстанның Халық Банкіне» ұқсас БЖЗҚ-ның акцияларынан енші бөлінеді. Бұл жердегі әңгіме аталмыш үш жинақтаушы қордың мемлекет меншігіне өтуі жайында болып отыр. Қалған ірілі-ұсақты жинақтаушы қорлардың қалайша жекеден мемлекеттікіне айналдырылатыны айтылмайды. Ол қорларда да қазақстандықтардың салымы бар. Зейнет күнін сол қорларға сеніп тапсырғандар да жетерлік.

Мұндағы бір қиыншылық, жинақтаушы қордың иелері БЖЗҚ-ның акционері атануға мүдделі емес. Олардың есебінше, БЖЗҚ – коммерциялық емес ұйым болғандықтан, заңнамаға сәйкес акционерлердің ешқайсысы да дивиденд алатындарына кепіл берілмейді. «Дивиденд төле» деп дауласа алмайды.

2013 жылдың 1-маусымындағы ақпарға сай, Қазақстанда 10 ЖЗҚ жұмыс жасайды. Олардың 8-і зейнетақы активтерін мемлекетті араластырмай, өздері басқарады.

Ұлттық Банк басшысы Григорий Марченконың сөзінше, шілденің 1-і күнгі есеп бойынша, қазақстандықтардың жинақтаушы зейнетақы қорларындағы салымдары 3,4 триллион теңгені құрап отыр. Енді сол қаражаттың барлығы да мемлекет қолына өтеді.

Жалпы Қазақстанда зейнетақы жинақтайтын қор болу керектігі туралы сонау 2012 жылдың көктемінде Бүкіләлемдік Банк айтқан еді. Әлемдік банк Қазақстан үкіметіне: зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру үшін елдегі барлық жинақтаушы зейнетақы қорларын біріктіру керек деп ұсыныс тастаған. Бірақ, олар біріктірілген қорлардың жұмысын басқаруды шетелдік компанияға өткізу қажет деген ақылдарын да қоса айтқан. Билік осыған қатысты анық ұстанымын білдірмей келді. Тек, 2013 жылдың 23-і қаңтарында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «зейнетақылық жүйені жетілдіру үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құрып, оған барлық жеке меншік зейнетақы жинақтаушы қорлардың шоттарын беру керек» деп мәлімдеді. Бұл шаруаны атқаруды Ұлттық Банкке тапсырды. Міне, содан бастап, елде гуілдеген әңгіме басталды. Қаншама жылдан бері тапқан табысының, еңбекақысының бір бөлігін жинақтаушы зейнетақы қорларына жинап келген қазақстандықтар абдырап қалды. Өз салымдарының жай-күйін білмей дал болды. Міне, осылайша зейнетақы жүйесіндегі бірнеше ойыншыдан жалғыз ғана мемлекет құрған қорға өту кезеңі болып жатыр. Елдегі барлық жинақтаушы зейнетақы қорлары осы жылдың соңына дейін мемлекеттік қорға өтіп біту керек. 2014 жылдан бастап, қазақстандықтардың салымы инвестицияға ағылатын болады. Салымшылардың әрқалай қалтада жүрген ақшасына біріктіру неге қажет болды? Оған себеп, номинальді кіріс коэффициенті төмен еді. Жинақтаушы қорларда жатқан ақша өлі қаражатқа айналды. Көбеймеді, өспеді. Зейнетақы қорларындағы қаражат айналымға шығып, табыс табуы тиіс. Инвестициялық әрекет баяу жүріп, төрт тағандап жатып алды. Оған қоса, алтын құны төмендеп, доллар күшейді. Мұның барлығы да зейнетақы қорларының жұмысына мемлекеттің араласуын қажет етті.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қордың құрылуы салымшыларды үрейлендірді. Халық ойында «осыған дейін жинап келген салымым не болды?» деген сұрақ бар. Жастар жағы аса қатты ойланып кетпегенмен, жасы келген адамдар ақшалары не болатынын уайымдайды. Қазір жекеменшік жинақтаушы зейнетақы қорлар техникалық тұрғыдан жұмыс жасап жатыр. Бірнеше ай ішінде ондағы қаражаттың барлығы да БЖЗҚ-ның қоржынына түседі.

Оған дейін өз салымының көлемін білмек болғандар үшін, мынандай нұсқа бар. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында зейнетақыға деп жиналған ақша туралы дерек беретін арнайы терминалдар орналасқан. Соған барып, ақпар алуға болады. Мамандар да жиған ақша бірыңғай қорға өткен кезде де осылайша тексертіп алуға кеңес береді. БЖЗҚ-ның басшылығы да бір де бір тиынның жоғалып, жоқ боп кетпейтіндігіне уәде беріп отыр.

Мінекей, өз жұмысын бастап кеткен БЖЗҚ-ның меншік иесі мемлекет болса, инвестициялық саясатын жүргізу мен акцияларын басқаруды Ұлттық Банк өз мойнына алды. Зейнетақылық жинақтың барлығы да Ұлттық Банкте сақталады.

Сонымен, инвестициялық саясатын жүргізетін Ұлттық Банк қор ақшасын қайда салып, қалай көбейтпек? Бұл жөнінде оның басшысы Григорий Марченко: Зейнетақы активтерін басқаруға салымшылар қатыстырылмайды. Жиналған қаражаттың барлығы да Қазақстан Республикасының индустриальды дамуы мен кәсіпкерлік нысандарын нығайту үшін шынайы экономикаға салынады. Зейнетақы активтері инфрақұрылымдық жобаларға, банк секторындағы институттар мен басқа да нарықтық жағдайларға байланысты әрекет ететін қаржылық құрылымдарды инвестициялауға тартылады» деді. БЖЗҚ-ның инвестициялық стратегиясын қордың зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес жасайды. Ол кеңестің құрамын Елбасы бекітеді.

Айтпақшы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылғаны себепті бұған дейін әрекет етіп келген жеке жинақтаушы қорлардың жұмысы тоқтайды. Енді олардың орнына бірыңғай қор қызмет етеді. Сондықтан да, елімізде салымшыларға қызмет көрсететін 250 орталық ашылады.

Жәнібек НҰРЫШ

Зейнеткерлік демалысқа кім, қашан шығады?

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер – 58,5 жасқа толғанда;

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер – 59 жасқа толғанда;

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер – 59,5 жасқа толғанда;

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер – 60 жасқа толғанда;

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер – 60,5 жасқа толғанда;

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер – 61 жасқа толғанда;

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер – 61,5 жасқа толғанда;

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер – 62 жасқа толғанда;

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер – 62,5 жасқа толғанда;

2027 жылдың 1 қаңтарынан бас-тап әйелдер – 63 жасқа толғанда зейнетақыға шығатындығы қарастырылған.