Қостанайлық диқандар астық сақтайтын элеваторлардың жұмысына наразы

863
Бидайдың ылғалдылығы 14 пайыз болуы шарт

Қостанай облысында астық жинау қарқын алған. Алайда, бидайды сақтайтын орын тапшы. Өңірдегі фермерлер одағының төрағасы Владимир Трончуктың айтуынша, астық жинау науқанындағы қиындықтар ауа райының қоайсыздығына ғана емес, элеваторлардағы келеңсіздіктерге де қатысты.

Владимир Трончук, Қостанай облысы бойынша фермерлер одағының төрағасы : «Элеваторлардың басым бөлігі қызметі үшін алдын ала төлем жасауды талап етеді. Бұл – заңсыз. Мұндай фактілер Сарыкөл ауданында орын алған. Тауар өндіруші астығын элеваторға жеткізген, алайда ондағылар «алдын ала төлем жасалмаған» деп, астықты қабылдамаған. Ал төлем өкілетті органның келісімі бойынша әр айдың 5-жұлдызында жасалуы тиіс.»

Бұған қоса бүгінде Меңдіқара ауданындағы бірқатар элеваторларда бидайдың сапасын анықтайтын құрылғылар жоқ. Бұл – Үкіметтің 2012 жылғы қаулысына сәйкес, мұндай элеваторлар астықты сақтауға қабылдай алмайды деген сөз. Мемлекеттік стандарттарға сай онда ылғалдылығы 14 пайызды бидай қабылдануы тиіс.

Бидайдың ылғалдылығы 14 пайыз болуы шарт
Бидайдың ылғалдылығы 14 пайыз болуы шарт

Алайда, бірқатар элеваторлар бидайды 13,5 көрсеткішімен қабылдауда. Нәтижесінде өткізілген өнім салмағы шегеріліп, диқандар астығын құрғату үшін қосымша төлем жасайды. Соған қарамастан, астық жинау науқаны Қостанай облысында қызу жүргізілуде. Өңір басшысының мәлімдеуінше қазірдің өзінде қамбада 2 миллион тоннадан астам астық бар.

Нұралы Сәдуақасов, Қостанай облысының әкімі: «Егіннің тағы 40 пайызы қалды. Енді жұмыстың қарқыны төмендейді. Өйткені қалған бидай жасыл, әлі жетілген жоқ. Элеваторлардағы 500 мың тонна бидайдың 90 пайызы – кондицииялық 3 сыныпты. Арасында 4 пен 5-ші сыныпты бидай да бар.»

Қостанай облысы бойынша 40 элеватордың 7-і астық қабылдауға лицензия алмаған. Бірінің жабдығы жоқ болса, қалғандары қоймаларын өрттен кейін қалпына келтіруде. Нәтижесінде 340 мың тонна бидайды сақтау мүмкін болмай отыр. Облыстағы элеваторлардың жартысына жуығы толған. Оның 12 пайызы ғана – жаңа орылған астық.

Рахаим Қожахметова, Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы инспекциясының өкілі: «Бұл әлі көп емес. Өйткені бидай құрғақ, сондықтан диқандар оны элеваторларға тапсыруға асықпай отыр. Олар дақылдардың бір бөлігін тұқым үшін пайдаланады. Және де олардың көпшілігінде өздерінің қоймасы бар. Ылғал бидайды шаруалар элеваторларға енді жеткізеді.»

Аумақтық инспекцияға элеваторлардың жұмысына қатысты арыздар түсетінін мұндағылар жасырмайды. Мамандардың мәлімдеуінше, келеңсіздіктер кейде диқандардың сауатсыздығынан туындайды екен. Олар келісімдегі барлық талаптардың орындалуын талап ету үшін, оны жақсы оқып шығуы тиіс. Сонда күрделіліктер туындамайды. Қазір инспекцияға түскен бидайдың сұрпына қатысты шағым бойынша тексеру жүргізілуде. Қорытындысы бір жетіде шығарылады.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=PNIxlNQeeck[/youtube]