Адамның қадір-қасиетін қорлау – қылмыс

314
баспасөз конференциясының барысы

Құқық қорғаушылар адамның қорғаушысы емес, қорлаушысына айналып барады. Осыны мәлімдеген облыс прокурорлары күштік құрылым қызметкерлерінің күдіктілерге күш қолданып, оларды қинаған бірнеше фактіні анықтапты. Адамдарды азаптап, зорлық-зомбылық жасап, адамдық қасиетін қорлайтындардың қатарын Оңтүстікте ішкі істер органдарының қызметкерлері бастап тұр дейді құзырлы орган өкілдері.

баспасөз конференциясының барысы
Прокурорлар арнайы баспасөз конференциясын өткізді

 Былтыр үш бірдей шенді осындай әрекеті үшін істі болып, бас бостандығынан айрылған. Биылғы жылдың бірінші жартысында-ақ тағы да үш лауазымды тұлға құқық қорғау органдарынан шеттеліп, сотты болыпты. Қазіргі таңда облыстық прокуратураның арнайы прокурорлар басқармасы осындай тағы да екі қылмыстық істі тергеуге алған.

Қайрат Әбдіханов, ОҚО прокурорының орынбасары: «Ол қылмыстық істер ішкі істер органының қызметкерлеріне қатысты. Бір іс белгісіз қызметкерлердің үстінен қозғалды. Ол әлі табылған жоқ. Ал екінші іс бойынша жауапты қызметкерлер нақты анықталған. Екі іс те тергелу сатысында».

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2010 және 2011 жылдары мұндай істер тіркелмеген. Тек соңғы екі жылда арызданушылар қатары көбейіп отыр.