Сайрамда 1200 бала оқитын үлкен мектеп ашылды

357
Алғашқы қоңырау күніне жиналған оқушылар

Сайрамдық оқушылар мен ұстаздар 1-қыркүйек – Білім күнін қарсы алды. Алғашқы қоңырау осындағы басқа мектептермен қоса жаңадан ашылған 4 білім ошағында да соғылды. Солардың арасында Ақсукенттегі мыңнан астам оқушы бір мезетте білім алатын Мұқағали Мақатаев атындағы ірі мектеп те бар.

Алғашқы қоңырау күніне жиналған оқушылар
Алғашқы қоңырау күніне жиналған оқушылар

Бұған дейін тар ғимараттағы Мұқағали Мақатаев мектебінің оқушылары енді су жаңа білім ошағында оқиды. Іргетасынан бастап, шатырына дейін, бастан-аяқ салынуына 1 миллиард 114 миллион теңге жұмсалған мектеп 5 блоктан тұрады. 450 орындық акті залы мен 380 оқушыға арналған асханасы бар. Ал жабық спорт залы екеу. Құрылысты мерзімінен 3 ай ерте тапсырған мамандар мұндай алып білім ошақтарын салу олар үшін таңсық іс емес деп отыр.

 – Осы облыста, Құдай қаласа, осымен 17-ші мектепті тапсырып отырмыз, – дейді Шымырбек Рахманқұлов, «Арт Құрылыс» ЖШС директорының орынбасары. – 1200 орындықтан бұл – 4-мектебіміз. Былтыр, 2012 жылғы қыркүйекте «Асар» шағынауданында тура осындай 1200 орындық бір мектепті тапсырғанбыз.

Биыл аудан бойынша 79 мыңға жуық оқушы білім алады. Соның ішінде 7 жарым мыңы мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр. Оқушылар саны жылдан жылға артып отырғанын алға тартқан сала мамандары мектеп тапшылығын сезінбеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз дейді.

Бір айта кетерлігі, Алғашқы қоңырау күні ашылған 4 мектептің 3-еуі аудандық бюджеттің қаржысына салынған. Олар 150-200 оқушыға шақталған білім ошақтары. Ал төртінші қыркүйек күні Жаңаталап ауылында тағы бір мектеп оқушыларын қабылдамақ.