Ақсукенттегі өртенген базар заңсыз орналасқан

296
Өртенген сауда нүктелерінің орны

Ақсукенттегі жанып кеткен «Сайрам» базары заңсыз салынған. Мұны ауданның бас сәулетшісі растап отыр. Осыған дейін талай ескерту алған базар басшысы сатушыларымен келісім-шартқа да тұрмапты. Ең сорақысы – сауда нысаны Сайрам аудандық емханасының емделушілеріне кедергі келтіріп келген.

Өртенген сауда нүктелерінің орны
Өрттен кейінгі сауда нүктелері

Осыдан екі күн бұрын өртке оранған базардың бүгінгі көрінісі көңіл құлазытарлықтай. Киім-кешек және ет өнімдері сатылатын 10 павильон толықтай жанып кеткен. Салдарынан жиырмаға жуық саудагер шығынға ұшырады. Қазір олардың әрқайсысы өзінің жайын күйттеп жүр. Өйткені сауда орнының иесімен келісім-шартқа тұрмаған, тауарлары сақтандырылмаған.

Саудагерлердің бірі шығынның толық өтелмейтініне сенімді. Сол үшін сауда орнын қалпына келтіріп берсе болғаны, саудасын жалғастыруға дайын. Ал екіншісі сауда жасауға қорқып қалған. Ал енді бірі базардың өзі заңсыз салынғанын алға тартып, жағдайдың бұрынғыдай болатынына сенбейді.

"Ақсукент" аудандық емханасының алды заңсыз сауда орындарына толы
«Ақсукент» аудандық емханасының алды заңсыз сауда орындарына толы

Базар жолдың жиегіне заңсыз орналасқанын саудагерлердің өздері де біледі. Әсіресе Сайрам аудандық емханасына келушілерге қиын. Сауда нүктелері жанған кезде, Құдай сақтап, емхананың ғимаратына жалын өтпеген. Алайда емхана меңгерушісі иегінің астындағы заңсыздыққа бас ауыртпапты. Жауаптан да жалтарғысы келді.

Аудандық емхананың меңгерушісі
Аудандық емхананың меңгерушісі

Мекке Халимов, «Ақсукент» аудандық емханасының меңгерушісі: » Менің мұнда келгенімен 3-4-ақ ай болды. Мәселеге көңіл аударатындай мүмкіндігім болмады. Бірақ емхананың алдын жауып тастағаны рас. Ол болмайды ғой?! Емделушілердің арасында арбамен келетіні бар, олар ішке кіре алмайды.»

Расында Сайрам ауданының орталығында заңсыз сауда нүктелері мен жабайы базар қаптаған. Мұнымен ауданның бас сәулетшісі келіседі, әрі бір өзінің келеңсіздікпен күресуге шамасы жетпейтінін мойындайды.

Асқар Мамырбеков, Сайрам ауданының бас сәулетшісі: «Өкінішке орай, мұның бәрі бұрын шешіммен беріліп кеткен. Барлығының тиесілі құжаты бар. Кеше өртенген нысандардың да заңды құжаты болған. Біз «қызыл сызықтан» өтіп кеткені туралы сотқа да бергенбіз.»

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=oTgNypDFhA8[/youtube]

Бас сәулетші өртеніп кеткен дүңгіршіктерін өз бетінше жөндеп жатқан азаматтарға ескерту берді. Құрылысты жүргізу үшін арнайы рұқсат алу керегін айтып бақты. Алайда, құлақ түрген бірі боламады.