Ауылда маман тапшы

ОҚО әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев Сарыағаш пен Қазығұрт аудандарына іссапармен барды

Күз келіп, жыл аяғы жақындаған сайын қай мекеменің де тыпырлай бастайтыны белгілі. ОҚО әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев Сарыағаш пен Қазығұрт аудандарына іссапармен барды. Мақсат – екі аудан әкімдерінің жыл басынан бері атқарған жұмыстарының есебін алу. Яғни, көрші жатқан қос ауданның 9 ай ішінде не істеп, не қойғанын білу.

ОҚО әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев Сарыағаш пен Қазығұрт аудандарына іссапармен барды
ОҚО әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев Сарыағаш пен Қазығұрт аудандарына іссапармен барды

Алдымен Сарыағаш ауданы әкімі Әбдібақыт Мақұлбаевтың баяндамасы тыңдалды.

Шілденің 22-сі күні облыс әкімі Асқар Мырзахметов Сарыағашқа келіп, ауданның жартыжылдық есебін алған болатын. Кемшілігін көрсетіп, 37 тапсырма берген. Үш айдан бері соның 18-і орындалып, 4-і орындалу үстінде екен. Қалғаны қадағалауға алынған.

Сондай-ақ, аудандық білім бөлімі басшысының да жыры таусылмаған мәселесі әлі біржақты шешімін таппағаны аян болды. ҰБТ көрсеткіші бойынша әр жылы артта қалатын Сарыағаштың білім бөлімі басшысы Ерлан Рысбаев қайда жүргенін әкім білмейтін болып шықты. Есеп беру отырысына да келмеген. С.Тұяқбаевтың: «Қайда жүр, ол азаматқа неге шара қолданылмайды?» деген заңды сұрағына аудан әкімі мүдіріп қалды. Білім бөлімінің бір маманы Рысбаевтың еңбекке уақытша жарамсыздығын куәландыратын құжат алып, екі айдан бері жұмысқа келмегенін айтып құтылды. «Білім бөлімі басшысының әрекетіне сараптама жасау қажет. Бұл әбден пісіп-жетілген мәселе. Дәрігерлер оған неге сырқаттанғаны жөнінде қағаз бере береді. Олардың бұл ісі заңды ма? Осыны да тексеріңіз» дегенге аудан әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев Ерлан Рысбаевтың аурулық қағазының облыстық ауруханалардан алатынын, құзырлары жете бермейтінін айтып ақталды. Аудан әкімі тамыздың басында болған тәртіптік кеңес отырысында: «Биылғы жылдың өзінде қатаң сөгіс бергенбіз. Қандай шешім айтсаңыздар да, сол шешімді міндетті түрде орындаймын» деп уәде берген-ді. Не де болса, Сарыағаштың білім саласында жақсы жетістікке жеткізуі неғайбыл сапырылыстың боп жатқаны көзге ұрып тұр. ҰБТ науқаны өткелі бері сын садағына ілінген 13 мектеп директорының 6-уы орнынан алыныпты. Бұл да аудан әкімінің берген жауабы.

«Ауыл округтері әкімшілік аппаратының ваканттық орындары түгел жабылды ма?» деген сауалға «Әлі де бос тұрған 133 ваканттық орын бар. 99 конкурс жарияланды. Осы қазан айында біту керек» деген келер шақ етістікке құрылған жауап берілді.

Жиын соңында, облыстық әкімдіктен барған орынбасар Сарыағаштың басқа аудандармен салыстырғанда кәсіпкерлік әлеуеті жоғары екенін айта келе, инвес-тиция тарту мен инвестициялық қаражатты игерудің өзгеріссіз қалып отырғанына қынжылыс білдірді. Кіші жобалардың атқарылуы жөнінде, ауыл-ауылдардағы орта және шағын кәсіпкерлік нысандар жайында қандай да бір жүйелі статистикалық мәліметтің жасалмайтынын да баса айтты. Қазір инвестициялық қаржымен әрекет етіп жатқан жобалар өздерінің атқарған жұмысы мен бөлінген қаржының игеруі туралы әр ай соңында есеп беруі тиіс екендігіне тоқталды. Сондықтан да ауыл әкімдері өзі басшылық ететін аумақтағы шаруа қожалықтарының тыныс-тіршілігін бес саусағындай білуіге міндеттелетінін жеткізді.

Сарыағаштың ешкімге дес бермей, атой салып мақтана алатын курорттары бар. Сондықтан да ауданда туризм саласына ерекше көңіл бөлу керек. Бұл класстердің аудан дамуында негізгі тетіктердің бірі болғандықтан, туризмнен хабары бар, мықты маманды қызметке тарту қажеттігін де ескертті.

Сарыағаштағы біткенінен бітпегені көп шаруалардың есебін алған Сапарбек Тұяқбаев бастаған нөпір Қазығұрт ауданына да болды.

(Жалғасы бар…)

Жәнібек НҰРЫШ