Еңбек келісім-шартын түзбей, жұмысқа тұрмаңыз

Сурет ғаламтордан алынды

Сурет ғаламтордан алынды

Өңірдегі еңбек қауіпсіздігін жіті бақылауға алу керек. Өйткені, өндірісте жарақат алған жұмысшылардың саны тым көбейіп барады. Мәселен, жыл басынан бері жұмыс орнында 78 жазатайым оқиға тіркелген. Соның 18-інің соңы адам өлімімен аяқталып, 24 азамат мүгедек боп қалған. Қызметтегі қайғылы жағдайдың дені еңбек қауіпсіздігі ережесін сақтамаудан орын алған.

Жалдамалы жұмысшылардың 80 пайызы өндірісте жарақат алады. Ал олардың көпшілігі еңбек келісім-шартын түзбегендіктен, жапа шегіп жатыр дейді мамандар. Соның айғағы – Шымкентте таяуда орын алған оқыс оқиға. 8 қабатты құрылыстың төбесінде жұмыс істеп жүрген 19 жасар жігіт жерге құлап, мерт болды.

Мамандардың түсіндіруінше, әрбір жазатайым оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, зардап шеккен жұмысшыға өтемақы төлеу қарастырылған. Ең бастысы, жұмыс беруші мен еңбеккер арасында жеке еңбек келісім-шарты түзілуі тиіс.

Облыс инспекторлары бүгінге дейін өндірісте орын алған 80 қайғылы жағдайды тіркеп, жауаптыларды да жазаға тартып жатыр. Дегенмен, Құдай сақтанғанды сақтайды. Ең дұрысы, басыңыз бәлекетке шалдықпасын десеңіз, тиісті құқыңызды біліп, құжатыңызды реттеп алғаныңыз жөн.