«Самал» базары маңындағы өрттің себебі тексерілуде

265
Өрт сөндірушілер бұйымдарды сыртқа шығаруда

Шымкенттегі «Самал» базарының маңындағы сауда қатарынан шыққан өрттің себебі нақтылануда. Естеріңізге сала кетейік, демалыс күндері Рысқұлов көшесінің бойындағы сауда орындарынан өрт шығып, бірнеше дүңгіршектің күлі көкке ұшқан еді.

Сауда қатарындағы өрт кешкі сағат алтылар шамасында басталған. Тілсіз жау құрылыс заттарын сататын дүкеннен шығыпты. Суыт хабар алғаннан кейін көп ұзамай өрт сөндірушілер де жетіп келді. Бұл кезде құрылыс дүкенін түгелімен шарпыған қызыл жалын қасындағы дүңгіршектерге ауысқан еді. 60-тан астам өрт сөндіруші оншақты техниканы қолданып жүріп, әупірімдеп өртті ауыздықтады. Мамандардың айтуынша, сауда орнының 260 шаршы метрі өртеніп кеткен.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=be0WXFCbOFQ[/youtube]

 – Біз оқиға орнына 6 минутта жеттік, – дейді Евгений Петряев, Шымкент қалалық кезекші өрт сөндіру қызметінің маманы. – Жедел түрде өрт сөндіру тобы өз қызметіне кірісті. Қолымыздан келгенше алдымен тауарларды сыртқа шығаруға тырыстық. Өртпен күресу расында да күрделі болды.

Өрттің қысқа уақыт ішінде осыншама аумаққа таралуын мамандар дүкенде тез жанатын заттардың көп болғанымен байланыстырады. Өкінішке орай, көптеген тауарды құтқару мүмкін болмады. Саудагерлердің айтуынша, дүңгіршектердегі заттың 90 пайызының күлі көкке ұшқан.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=9BR2cRD4Aag[/youtube]

Тілсіз жаудың салдарынан сол жердегі төрт дүкен жанып кетті. Аралары тығыз орналасқандықтан, қызыл жалын тез тараған. Оның үстіне ғимараттары да тез тұтанатын материалдан жасалған екен. Оқиға орнында тексеру жүргізген мамандар алғашқы қорытындыларын жасады.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=trabFEE4e-o[/youtube]

Нұрболат Дербісов, Шымкент қалалық төтенше жағдай жөніндегі басқарма басшысы: «Мұнда өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Мен айтар едім, әр жеке кәсіпкер өрт сөндіру құралын қойдым деп, қол қусырып отырмауы тиіс. Дүкен салатын кезде басқа жаққа өрттің ауып кетпеуін ойлау керек.»

Қазір өрттің нақты неден шыққаны анықталып жатыр. Келтірілген шығын көлемінің мөлшері де белгісіз. Өртенген тауар құнын есептеуге сатушылардың өздері де қатыстырылылуда.