Жылыжай директорлардың ұйқысын ұрлады

№1 мектеп-интернатының жылыжайы былтырдан бері тек қағаз жүзінде ғана «жұмыс істеп тұр»
№1 мектеп-интернатының жылыжайы былтырдан бері тек қағаз жүзінде ғана «жұмыс істеп тұр»
№1 мектеп-интернатының жылыжайы былтырдан бері тек қағаз жүзінде ғана «жұмыс істеп тұр»

Бәйдібек ауданында мектеп жанынан ашылған жылыжайлар қағаз жүзінде дүрілдеп, ал іс жүзінде қаңырап бос тұр. Аудан қазынасынан қомақты қаражат шығындап, бой көтерген көкөніс бағы әлі ешқандай өнім бермеген. Ұстаздар қауымы бұл жәйтқа көздерін жұма алмай, қаржы полициясына арызданған. Сөйтіп, мемлекеттің қаражатына салынған нысан жұмысы енді түбегейлі тексерілуде.

№1 мектеп-интернатының жылыжайы былтырдан бері тек қағаз жүзінде ғана «жұмыс істеп тұр». Ашық аспан астындағы жан-жағы қапталмаған темір каркас. Орнатылған екі пеші де қаңтарулы. Әйтеуір жылыжай аты бар нысанда тек 4 түп жүгері өсіріліп келген.

Бір жылдан бері бос тұрып, пайдаға аспай келген нысанның жайын педагогтар көтеріп отыр. Айтуларынша, қомақты қаржыға салынған жылыжайлар өз мақсатында игеріліп жатқан жоқ. Шағын орталық жанынан бой көтерген нысанның да сиқы осы. Қаңтарылған дүниеге «қарны ашқан» педагогтар қазір жан-жаққа шағымдану үстінде екен.

Солардың бірі – Тұрмыс-1 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұмакүл Сәрсекова. Ол 16-шы тамызда қаржы полициясына арызданыпты. Арызында екі жылдан бері жұмыс істемей тұрған жылыжайдың жайын айтқан. Сосын мектеп жанынан ашылған шағын орталық жайын да қозғапты. Ал тиісті шенеуніктер педагогтың мұнысымен келіспейді. Жалпы қазір аудандағы 31 мектепте 32 жылыжай бар көрінеді. Мамандар соның тек үшеуі толық қосылмаған деп отыр. Ал қалғандары жаз бойы жемісін беріп келген. Оған дәлелдері де бар екен.

Бәйдібек аудандық білім бөлімінің бас маманы Абзал Арынбек Тұрмыс-1, №1 мектептердегі 3 жылыжайдың істемей тұрғанын мойындады. Оған су тапшылығы себеп болған. Ал қалған мектептердің бәрі қызанақ, қияр, т.б. өнімдерін алып, шот ашып, өз ұжымына сұраныс бойынша өткізіп жатқан жағдайы бар-мыс. Аудан басшылығы болса 2011 жылы қазына қоржынынан бөлінген 16 млн теңгеге 31 жылыжайдың мектеп жанынан салынғанын айтады. Демек, олардың әрқайсысы 585 мың теңге қаржыға бой көтерген. Салынған нысандардың көбі жұмыс істеп тұр дейді аудан атқамінерлері. Бірақ бірқатар жылыжайлардағы тірлік көңіл көншітпейтінін өздері де мойындайды.

Бүгінде қаржы полициясы мен қаржылық бақылау мамандары тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Ал аудан әкімдігіндегілер бірінші кезекте кемшілікке жол берген мектеп директорларына шара көріледі дейді. Жылыжайлардың бабын таба алмаған білім ошақтарының басшылары енді басымен жауап бермек.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ