«Қара шаңыраққа» қараша халық көп келмейді. Қаламыздағы Жұмат Шанин атындағы қазақ драма-театрының ұжымы жерлестерімізге осылай деп ренішін білдіріп отыр. Жуырда сахналанған премьералық қойылымды апталап телеарналардан жарнамалағанның өзінде кассаға келіп билет алған көрермен болмапты. Жалпы, облысымыздағы мәдениет ошақтары билеттерінің бағасын көпшіліктің қалтасы көтере ме? Қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Ел аумағында тарихи тұлғаларды «тірілтіп», ертегілер еліне саяхатқа жиі шығатын бірден-бір театр біздің өңірде орналасқан. Жұмат Шанин атындағы қазақ-драма театрының ұжымы биыл 269 спектакль қойып, 66 мың көрерменді қамтуы тиіс екен. Әзірге бұл жоспардың жартысы ғана орындалған. Театр басшылығының айтуынша, спектакль билеттерінің бағасы да қымбат емес. Көрермен жас ерекшелігіне қарай бағаланады. Оқушыларға билет бағасы 150 теңге болса, ересектер 500 теңгеге кез-келген қойылымды тамашалай алады.
Гүлмира Серікбаева, Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры директорының орынбасары: «Бұл бағалар сәл-сәл өзгеріп тұрады. Кейде 50 теңгеге, ары кетсе 100 теңгеге. Өзгеріс боп тұратын себебі — біз жыл басында барлық есебімізді бекітеміз, сол кезде егер қымбатшылық болып, инфляция болған жағдайда билет бағасын біз де көтереміз.»
Ал өңірдегі әзіл-ысқақ және сатира театрында қазіргі уақытта Нұржан Құлшынбаевтың «Өгізбайдың отбасы» пьесасына билет сатылып жатыр. Мұнда жылдар бойы спектакль билеттерінің бағасы өзгермеген. 200 теңге мен 500 теңгенің аралығында. Көбінде 200 орынға көрермен сыймай қалып жататын көрінеді.
Байдос Рахымжан, студент: «Мен бұл театрға негізі жиі келіп тұрамын, бұл театрдың әзілдері өте қызық, оның үстіне билеттері де арзан. Мен осы театрға курстастарыммен келемін, кейде оларға өзім билет алып қоямын. Тағы да мұнда билеттер студенттерге жеңілдікпен сатылады, яғни, бағасы — 200 теңге.»
Бекзат өнерді сахналайтын опера және балет театрында билет бағасы биылдан бастап көтеріліпті. Премьералық қойылымдар 2000 теңгеден, кезекті кешті 1000 теңгеден тамашалауға мүмкіндігіңіз бар. Бірақ театр әкімшісінің айтуынша, бұған қарамастан келушілердің қарасы қалың. Мұнда жастар аз келеді, олар есесіне киноға жиі барады.
[youtube]http://youtu.be/OPMvPi_qNhM[/youtube]
Меруерт Сатыбалдиева, студент: «Осы орталықтағы кинопаркке көп келемін, киноларының барлығы жақсы. Жаңа топтамаларды үзбей көремін. Билет бағасы да орташа, 1500-2000 теңгеден. Көбінесе достарым немесе бауырларыммен бірге келгенді ұнатамын.»
Марат Серғазы, студент: «Мен осы кинозалдан көп кино көремін, өйткені, билетті 1000 теңгеден аламын. Кешке қарай қымбаттап кететіндіктен, мен түске дейін келуге тырысамын.»
Кино демекші, бүгінде Шымкенттегі кинопарктер таңғы сағат 10-нан бастап, түнгі сағат 00:00-ге дейін жұмыс жасайды. Билеттердің құны -500-ден 1200 теңгеге дейінгі аралықта.