Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыссыздық шарықтап тұр. Үшінші мегаполиске айналамыз деп жүргенде шымкенттіктер бұл келеңсіздік бойынша Алматы мен Астанадан озып кетті. Дегенмен, жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының мамандары мұндай көрсеткішпен келіспейді.
Статистика агенттігінің ресми жариялымы бойынша Оңтүстік Қазақстанда жетпіс мыңға жуық жұмыссыз бар көрінеді. Сондықтан болар өңіріміз жұмыссыздар санымен көш бастап тұр.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=X5Yb6ASoQw0[/youtube]
1. Оңтүстік Қазақстан облысында — 69 700 адам;
2. Алматы облысында — 50 900 адам;
3. Шығыс Қазақстан облысында — 37 800 адам,
ал Қазақстан бойынша 468 300 адам жұмыссыз жүр.
Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандарының айтуынша, биылғы он айда басқармаға алпыс мыңға жуық адам жұмыс іздеп келіп, тіркелген. Соның елу мыңға жуығы, яғни, 48 804-і жұмыспен қамтылып үлгерген көрінеді.
Гүлия Есіркепова, жұмыспен қамту және еңбек нарығы бөлімінің бастығы: «Бүгінгі таңда облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайызды құрап отыр. Өткен жылы осы уақытта 5,6 пайыз болған. Жыл сайын осылай салыстыратын болсақ, бізде ресми мәліметтер бойынша жұмыссыздық деңгейі көтерілген жоқ. Қайта төмендеуде.»
Ал жұмыссыздар қатарын былтырдан бері толықтырып тұрған Жеңісбек Рахман халық арасында «Құл базары» атанып кеткен көшеде тұрады. Қолында орта білімді техникалық инженер мамандағы бойынша дипломы болса да жұмыс таба алмапты. Сол себепті де осы жерден күнделікті нәпақасын тауып, бала-шағасын асырап отыр.
Жеңісбек Рахман, жұмыссыз: «Өкіметтің адамдарға жұмыс тауып беруі қиын боп тұр ғой. Өкіметтің жұмысынан гөрі үйреніп қалған осы жер жақсы. Күнделікті ақша тауып отырғанан кейін басқа жұмыс бізге тура келмейді.»
Бұл кісілер күнделікті табысын жасырмайды. Бірде 3-4 мың теңгеге дейін тапса, енді бірде бір тиынсыз қайтатын көрінеді. Кейде алданады, кейде жем болады. Алдарына келіп тоқтаған әр көлікке деген үміттері басым, өйткені олар — жұмыс беруші.
Көшенің бойыннан тепсе темір үзетін жас жігіттерді де, жасы келген кісілерді де кезіктіресіз. Осыдан барып, Оңтүстік жұмыссыздар көшін бастап тұр дегенмен амалсыз келісесіз.