Ордабасы ауданында сүт өңдеу цехы іске қосылды

313

Таяуда Ордабасы ауданының әкімі С.Сапарбаев Қарақұм ауылындағы тындырымды тірліктерге куә болып қайтты. Ауыл округінің әкімі М.Махалұлы атқарылып жатқан жұмыстар мен ондағы бірқатар кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігін таныстырып өтті. Мәселен, жеке кәсіпкер Т.Бейсенов мал бордақылаумен қатар бүгінде оны асылдандыруды қолға алған. Ал «Нұр Шапағат» өндірістік кооперативінің төрағасы Қ.Досымов 3 гектарға бау егіп, енді қойма салуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар аудан әкімі жеке кәсіпкер Ә.Амановтың сүт өңдеу цехымен танысты. Кәсіпкер «Максимум» шағын несие ұйымынан 7 пайыздық үстемемен 18 миллион теңге алып, жаңа қондырғылар сатып алған. Қазір сүт өнімдерін шығара бастады. Кәсіпкердің мәлімдеуінше, цех толық қуаттылығымен жұмыс істей бастағанда 36 адам жұмыспен қамтылады. Әзірге мұнда 12 адам тұрақты жұмыс істеп жүр.

Қарақұмда, сондай-ақ, биыл өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 2.5 миллион теңгеге балалардың ойын алаңы ашылған. «Ақ көгершін» балабақшасына 61 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, екінші ғимараты іске қосылды. Бүгінде мұнда 175 бала тәрбиеленуде. Келешекте тағы екі топ ашу жоспарда бар.

Дереккөз: Ордабасы аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі