Шымкентте тәуелсіздік мерекесі биыл да ерекше тойланды. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Тәуелсіздік — елімнің ерлік жолы» мәдени шарасы өтті. Кездесуге Қазақстан Республикасындағы Чернобыль апаты ардагерлері кеңесінің төрағасы Бақытжан Шәкірұлы мен қалалық мектеп мұражайларының жетекшілері, жас туристер бекетінің қызметкерлері және студенттер келді.
Осы шара барысында мұражайдың мамандары Тәуелсіздік жайында баяндамалар оқыды, қонақтарды тарихи жәдігерлермен таныстырды.
Жанар Үркімбаева, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері: «Бүгінде қуантатын жайт — біздің мұражайға келетін жастардың қатары артқан. Келіп, елдің тарихын-шежіресін сұрап тұрады. Бұл деген — өскелең ұрпақтың Отанына деген сүйіспеншілігінің артқанының белгісі болса керек. Мұндай сәттерде біз де аянып қалмаймыз. Қолдан келгенше айтып, білген тарихи деректерді түсіндіріп жатамыз.»
Ал жастар айтулы іс-шарада патриоттық әндер орындап, мерекенің мерейін асырды. Тәуелсіздіктің құрдастары да келіп, ел ертеңінің өркендеуіне үлестерін қосатынын жеткізді.
Айдана Құрманбек, облыстық саз колледжінің студенті: «Мен тәуелсіздіктің құрдасы екенімді мақтан тұтамын. Бүгінгі кеште «Алға, Қазақстан!» атты әнді мақтана орындап шықтық. Өзімнің ойымдағыдай айта алдым. Көп алдына шықпас бұрын, әрине, қобалжып, толқыдық. Ал мен болашақта танымал өнер адамы болып, Қазақстанның мәдениет саласына өз үлесімді қоссам деймін.»
Айта кетейік, осы шарада көпшілік назарына «Тәуелсіздік — тұғырым» атты желтоқсаншылардың өмірі мен Елбасының кемеңгер жолынан сыр шертетін көрме де ұсынылды. Бұл бейнесуреттер облыстық тарихи-өлкетану мұражайында желтоқсан айының соңына дейін жерлестеріміз үшін ұсынылады.
Ал бұл кезде қаламыздағы №88 мектептің оқушылары да айтулы датаға орай ашық тәрбие сағатын өткізуде. Арнайы шарада азаттық таңының қадір-қасиеті мен желтоқсаншылардың еңбегі баяндалатын жыр жолдары және баяндамалар оқылды.
Бұған қоса қаламгер Мархабат Байғұттың «Жоғалған жұрнақ» атты трагедиялық қойылым да сахналанды. Автордың өзі қатысқан сабақта шәкірттер бостандық үшін өмірден өткен боздақтардың рөлін шебер сомдады. Айта кетейік, Тәуелсіздік мерекесі Шымкенттегі өзге де мектептерде өтті.