Үш баласын тастап кеткен ананың жауабы

418

Қаңтардың алғашқы күні 3 бірдей бала тастанды атанды деген ақпар бүкіл елді дүр сілкіндірген болатын. Таяуда сол оқиға басқаша сарында жалғасты. Редакциямызға 22 жастағы келіншек келіп, балаларын далаға емес, енесінің қолына табыстағанын айтып ақталды.

Төрт жасар Керемет, 2 жасар Мирас пен әлі жасқа тола қоймаған Кәусардың анасы алдымен біздің арнамызға жүгінді. 22 жасар Ақмарал Жарылқасынованың айтуынша, бауыр еті балаларын көшеге тастамаған. Өзі құрылыста жұмыс істеп, нәпақа тауып жүргендіктен, үш сәбиді 1 аптаға енесінің қарауына қалдырыпты.

Ақмарал Жарылқасынова: «Мен (балаларымды – ред.) қалай тастап кетем? 3 бала-шағамды 4 жылдан бері асырап жүріп, қалай тастаймын? Мен өзім асырап жүрмін ғой, мәпелеп, ауыртпай сол суық 1 бөлмеде! Менің енем ғой опасыздық жасап отырған. Өз немересінен өзі бас тартып отыр ғой.»

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=CEItB4CMVjk[/youtube]

Ағымдағы жылдың 1-қаңтарында бейтаныс 3 бүлдіршінді тастап кетіпті деп полияцияға хабарласқан әйел жас келіншектің енесі – Парида Сәриева екен. Естеріңізде болса, «Қайтпас- 1» шағынауданы, Ақсауыт көшесіндегі үйдің иесі кішкентай балаларды есігінің алдынан тауып алғанын айтқан еді.

Парида Сәриева: «…Біраздан кейін шығып, есіктің алдына қарасам, 2 бала тұр, қасында сөмкесі бар. Балалардың біреуі жалаңаяқ екен, жан-жағыма қарадым, ешкім көрінбеді. Бөбектердің түрі де таныс емес.»

Таныс емес деген бұл әйелді Ақмарал балаларымның әжесі деп отыр. Тәртіп сақшылары да балаларды тауып алған қала тұрғыны оларға жақын туыс екенін айтады.

Салтанат Қаракөзова, облыстық ішкі істер департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы: «Балаларды тапқан кісінің өзі сол жас әйелдің танысы екені анықталды. Ал келіншек шш жерде жұмыс істемейді. Жеңіл жүріспен айналысады деген ақпарат бар. Ол өзінің аналық құқығынан айырылуы мүмкін. Бүлдіршіндер балалар мекемесіне орналастырылуы мүмкін.»

Анық болғаны, Ақмарал Жарылқасынова күйеуімен бүгінге дейін заңды некеге тұрмаған, әлі күнге 3 перзентінің де туу туралы куәлігі жоқ болып шықты. Сондықтан балаларын қазір қайтарып алуы екіталай. Ал сәбилер үлкендердің мұндай былығын бүлдіршіндер әлі түсінбейді. Әзірге 4 жасар Керемет облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығын паналауда. Ал Мирас пен Кәусар қалалық балалар ауруханасында жатыр.