Прокурорлар тастандылардың анасын іздейді

367
Тастанды балалар

Шымкенттегі Қаратау ауданының прокурорлары тастанды балаларды анықтады. Екі жасөспірім біраз жылдан бері туыстарының үйінде паналап келген. Туған шешелері оларды тастап, тұрмысқа шығып кетіпті. Ал әкелерінен 2 жыл бұрын айрылып қалған.

Тастанды балалар

6 жасар Анастасия мен оның 9 жасар ағасы Александр осыдан екі жыл бұрын әкелерінен айрылды. Аналары балаларын апасының үйіне тастап кетеді. Айтуыларынша, туған анасы Ордабасы ауданы, Шәуілдір ауылына кетіп қалған. Содан бері бір рет те балаларының жағдайын сұрап келмепті. Қарияның қолында болған бауырларды ажыратып, әкесінің інісі Анастасияны бағуға қолына алыпты. Ал кішкентай қыз анасын сағынғанын айтады.

Анастасия өзіне қамқорлық көрсеткен жанды әкесіндей құрметтейді. Ал 9 жасқа толған Александрды көкесі қарамағына алғысы келмейді екен. Ол әлі күнге дейін мектеп табалдырыған аттамаған. Санауды білмегендіктен, жасын да айта алмайды.

Тағдырдың тәлкегін жастайынан тартқан бүлдіршіндердің болашағын болжаудың өзі қиын. Перзентінен бас тартқан ананы қадағалаушы орган қызметкерлері іздеп, ата-ана құқығынан айыру мәселесін көтеріп жатыр.

Ағайындылар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілді. Олар енді бірге болады әрі мектеп алдындағы даярлық сыныбына барады. Бір өкініштісі, орталықтың заңы бойынша мұнда балдырғандар үш айға дейін ғана паналай алады.

Ернар Балабеков