Тағы да екі бүлдіршін анасыз қалды

Шымкентте тағы екі бала тастанды атанды. Жетінші қаңтар күні №1 қалалық балалар ауруханасына екі бүлдіршін қыз жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, сәбилердің үлкенінің жасы екіден асқан, ал кішкентайы шамамен 1 жасар. Ата-анасы түгілі өздерінің аттарын анық айта алмайтын бейкүнә сәбилердің денсаулығы тексеріліп жатыр.

Апалы-сіңлілі Гүлмира мен Наргизаның балалар ауруханасында жатқанына бүгін екінші күн болды. Көздері жәудіреген балғындар үлкендерге қарап олардың арасынан өздеріне жақын жандарды іздейді. Бір жасқа әлі толмаған кішкентай Наргиза емізулі екен. Ана сүтін аңсап, алғашқы түні мазасызданып шықты дейді дәрігерлер.

Ғазиза Қожабекова, №1 Шымкент қалалық балалар ауруханасының дәрігер-педиатры: » Кішкентай Наргиза әлі сәби ғой.  Алғашқы түні бәрімізге қиын соқты. Қолға үйренген, көтеріп жүрдік. Ал үлкені Гүлмира болса, сөйлейді, бізді әпше деп қояды. Қазір екі қыздың да жағдайлары жақсы, психикалық ауытқуы жоқ, тәбеті жақсы.»

Екі бүлдіршін қызды полиция қызметкерлері қаладағы Шоқан Уалиханов көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінен алып келген. Осында тұратын азаматша екі қыз бен анасын үйіне кіргізіп, қол ұшын берген екен.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=I9WgEeapR0Y[/youtube]

Айсұлу Тәжібаева, қала тұрғыны: «Біздің отбасы ұйқыға кеш жатамыз. Далада біреулердің жылаған даусы естілді. Шығып қарасам, аулада бір әйел екі баласымен отыр. Жұп-жұқа киініп алған, балалары да жаурап қалыпты. «Қыстың күні қатып қаласыңдар ғой» деп үйге кіргіздім. Қарындары ашып қалған екен, оларға ыстық тамағымды беріп, қыздарын шомылдырдым. Әйелге не болды десем, «Күйеуім күнде ұрады, ішеді, күн жоқ, садақа сұра деп, далаға күнде қуып шығады көрген күніміз осы» деп жылап отыр. Көздері көгерген, сау жері қалмаған. Ал таңертең тұрсақ, әйел үйден кетіп қалыпты. Содан 3 күн күтіп, болмаған соң полицияға амалсыз хабар бердім.»

Айдың-күннің аманында қос бірдей бүлдіршінді өзгенін қолына ұстатып кете барған ананың қылығы еш ақылға сыймайды. Ал дәрігерлер қыздардың ата-анасы табылмаса сәбилер 1 айдан кейін мәжбүрлі түрде балалар үйіне жөнелтіледі дейді.