«Екі қаланың ортасында жүрмін»

Сәбит Әбдіхалықов, «Оңтүстік-Цирк» МКҚК-ның бас директоры
Сәбит Әбдіхалықов,  «Оңтүстік-Цирк» МКҚК-ның бас директоры
Сәбит Әбдіхалықов,
«Оңтүстік-Цирк» МКҚК-ның бас директоры

– Сәбит аға, циркке қалай келдіңіз?

– Байқаудан өту арқылы.

– Естуімізше, цирктің тізгінін ұстауға ұсыныс түсіпті, солай ма?

– Мекеме басшысының қызмет ауыстыруына байланысты, «Оңтүстік цирк» МКҚК жаңа директор тағайындау мақсатында байқау жариялаған болатын. Осы ретте өнер ордасының бұрынғы басшысы Сұлтан Срайлов байқауға қатысып, бағымды сынауға ұсыныс жасады. Ол кісінің ұсынысын бірден қабыл алдым. Байқауға қатыстым. Аллаға шүкір, сыннан сүрінбей өтіп, осы мекеменің тізгінін ұстадым. 

– Циркті басқару оңай шаруа емес, әрине. Оны қашықтан отырып басқара да алмайсың. Сұрайын дегенім, Алтынай да Шымкентке келді ме? 

– «Бала-шағаңызбен көшіп келдіңіз бе?» демекшісің ғой. (күлді) Жоқ. Жанұям Алматыда, өзім осындамын. Шымкент пен Алматының арасы алыс емес қой. Осы екі қаланың ортасын жол қылып жүрмін.

– Ақыры келген екенсіз, айтыңызшы, Сәбит басқаратын «Оңтүстік-цирктің» болашағы қандай болмақ?

– Бірінші кезекте цирк ұжымын бір електен өткізіп алуды жоспарлап отырмын. Сондай-ақ, алдағы уақытта әртістердің санын арттыру ойда бар. Осы мақсатта алыс-жақын шетелде өнер көрсетіп жүрген өнерпаздармен шығармашылық байланыс жүргізілуде. Сонымен қатар, циркті жаңа хайуанаттармен толықтырғым бар. Әсіресе, жылқы жылында жылқыға баса мән беріп отырмын. Тағы бір жағымды жаңалық өнер ордасы жақын күндері «Шапитоға» (құрастырмалы, жылжымалы манеж) қол жеткізсе, шалғай өңірлерде орналасқан ауыл-аймақтар мен Тараз, Қызылорда қалаларына гастрольге шығуға мүмкіндік алады. Қазан айында цирк бағдарламасын 3D форматқа көшіріп, лазерлі шоу қоюды жоспарлап жүрмін. 

«Сәбит Әбдіхалықов Алтынай мен Айгүл туралы «Күндестер» атты фильм түсірмек
«Сәбит Әбдіхалықов Алтынай мен Айгүл туралы «Күндестер» атты фильм түсірмек

– Мамандығыңыз бойынша театр және кино актерісіз. Сонымен қатар, продюсер, режиссер екеніңізден де хабардармыз. Ал, халық сізді әзіл-сықақ театрының әртісі ретінде жақсы таниды. Енді міне, циркті тізгіндедіңіз. Тағы қай қырыңыздан тануымыз мүмкін?

– Иә, халық мені актер ретінде жақсы таниды. Продюсер ретінде де көзге түсіп жүрмін. «Любовь в кредит», «Біздің ауыл, Воо» кинолары арқылы режиссерлік қабілетімді де шыңдай түстім. Бірнеше жыл бойы Өнер академиясының проректоры қызметін атқардым. Сондықтан да циркті басқаруда қиындық тумайды деген ойдамын. Алдағы уақытта, сатиралық жазушы ретінде танылсам деймін. 

– Айтпақшы, Жанатбек екеуіңіздің «Мафия мен тақияңыз» қайда кетті?

– «Мафия мен тақия» ешқайда кеткен жоқ. Өз орнында тұр. Тек кейбір себептерге байланысты уақытша үзіліс болғаны рас. Дегенмен, Жанатбек екеуміз театрды қайтадан қолға алдық. 

– Бәйбішеңіз бен тоқалыңыздың басын қосып, «Тату-тәтті» тобын құрудағы мақсатыңыз не?

– Халыққа қашан да жаңалықпен, тың идеямен шығу керек. Осы ретте Айгүл мен Алтынайдың басын қосып, сахнаға шығарып, ән шырқатсам халықтың шулап, таңырқайтынын түсіндім. Мақсатым шоу түріндегі тәрбиелік мәні зор дүние ұсыну болды. 

– Шыныңызды айтыңызшы, шынайы өмірде Алтынай мен Айгүл тату ма?

– Алтынай да, Айгүл де ақылды келіншектер ғой. Әрине, алғашқы гастрольдік сапарларда түрлі қиындықтар болды. Алғаш жұмыс істей бастағанда, екеуі бір-бірінен қатты ыңғайсызданып жүруші еді. Ал, қазір екеуі жақсы құрбы болып кетті. Бір үйдің апалы-сіңілілері де кейде сөзге келіп жатады. Айгүл мен Алтынай да дәл солай, кейде бір-біріне қабақ шытып жатады. 

– «Сәбит Әбдіхалықов Алтынай мен Айгүл туралы «Күндестер» атты фильм түсірмек. Тіпті, сценариін де жазып қойыпты» деседі, сол рас па?

– Жоқ, бұл ғаламтор арқылы тараған жалған ақпарат. Менің ондай кино түсіру ойымда жоқ, болмаған да. 

– Ұл-қызыңызды қалай тәрбиелеп жүрсіз? Жалпы, бала тәрбиесімен кімнің айналысқаны жөн?

– Құдайға шүкір, балаларымның білімі де, тәртібі де жаман емес. Қолым қалт ете қалса әңгімелесіп, шүйіркелесіп отырамын. Негізінде бала тәрбиесімен әйелдің айналысқаны жөн ғой. 

– Тұңғышыңыз ер жетіп қалған екен. Ата-анасына тартып өнерпаздығы байқалып жатқан болар?

– Ұлым кино саласына қызығуда. Келешекте кинорежиссер болғысы келеді. Барлығы да уақыт еншісінде. 

– Әзілдеп отырып, шағып сөйлейтін сияқтысыз… 

– Иә, ондайымның бары рас. Әзіл – менімен егіз. Бірақ мен әзілді күлдіру үшін айтпаймын. Оны түсінетіндер де, түсінбей қалатындар да бар. Алайда, тимегенге кесек ататын жаман әдетім жоқ. 

– Ал, үйдегі Сәбит қандай? 

– Бар болмысым осы (күлді).

– Халыққа үнемі көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жан-жағыңызды ылғи күлкіге көміп жүресіз. Ашуланатын кезіңіз болады ма? 

– Мен де адаммын ғой. Кейде сезімге беріліп, ашумен, қызуқандылықпен біраз жерге барып қалатыным бар. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ