Қаніпезер немере ата-әжесін өлтірді

391

Сайрамда жаға ұстатар жағдай орын алды. Жасы кәмелетке енді толған бозбала дүние-мүлік үшін өз атасы мен әжесін ұрып өлтірді. Тасбауыр немере өзін алты жасынан бері алақанында аялап өсірген қарттарды серігімен бірге соққының астына алған.

Қанды оқиға тура 22-наурыз да орын алған. Күндіз сағат 10-дар шамасында Сайрам аудандық ішкі істер басқармасының кезекшісіне Қарасу ауылының тұрғыны хабарласады. Қоңырау шалған адам осындағы үйлердің бірінде егде жастағы ерлі-зайыптылардың мәйіті табылғаны жөнінде айтқан.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының жетекшісі: «Сол оқиға орнына барған кезде  полиция қызметкерлері екі адамның денесін тапты. Кейін марқұмдардың тұлғалары анықталды. Олар — сол үйдің иесі, 73 және 72 жастағы кісілер болып шыққан. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша марқұмдардың миына қан ұйылған, Оған негізгі себеп — дене жарақаттары.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=jbMGBGS_tQ8[/youtube]

Шұғыл іздестіру жұмыстардың нәтижесінде осы ауыр қылмысқа қатысы бар деген күдікпен мерт болған қариялардың немересі мен оның сыбайласы құрықталады. Екі жігіттің де жасы — 18-де. Күдікті ретінде ұсталған немере баланың әкесі 2002 жылы қайтыс болған екен. Содан бері оны ата-әжесі қамқорлығына алса керек. Бірақ олардың араларында жанжал жиі орын алатын болған. Ақыры жас жігіт іште жатқан ашуын атасының басына ағашпен ұрып шығарыпты. Және ол іске танысын да тартқан.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=RQnurUsytnI[/youtube]

Қазіргі таңда күдіктілердің екеуі де қамауға алынды. Тергеу барысында немересі бұл әрекетін дүние-мүлік үшін жасағанын айтқан. Өйткені атасы «Бақилық болсам, баспана мен мүлікті ешкімге қалдырмаймын» деп жиі айтатын көрінеді. Айта кетейік, немересінің әжесін өлтіріп салу әрекеті 2013 жылдың көктемінде де орын алған еді.