Наурызға дейін Шымкенттегі хайуанаттар бағына ұрғашы керік әкелінбек. Осылайша, таяу күндері Шымкент зообағындағы «Астана» атты керіктің сыңары болады. «Астанаға» айттырылған қалыңдықты былтыр қала күнінде күткен болатынбыз. Ол үшін қалалық бюджеттен 30 мың АҚШ доллары бөлінген. Алайда, белгілі себептерге байланысты бұл жаңалық кейінге қалдырылған.
Мамыр айына дейін хайуанаттар бағы тағы да жаңа аңдармен толықпақ. Ол аңдар біздегілермен айырбастау арқылы жеткізіледі. Молдавияға құс (бородач) беріп, орнына амур жолбарысын аламыз. Ал Чехиядан бізге бірнеше Жако попугайлары әкелінсе, орнына құмай беретін болдық. Қырғыздарға Пржевальск жылқысын беріп, орнына 2 сілеусін мен 10 тиін әкелмекпіз.
Сондай-ақ, сәуір-мамыр айларында өзіміздегі біраз жануарлар төлдейді деп күтілуде. Түйе, Пржевальск жылқысы, бұғы және құстардың да көбейгенін күтудеміз. Ал «Алтын Емел» ұлттық паркі бізге құландарды сыйға тартпақ.