Режиссерлік жарнамалардың үні өшіп, демі бітетін уақыт таяп келеді. Қазір кез келген бренд өз өнімдерінің жасалу жолын, таныстырылу сәтін тікелей трансляция арқылы таратуға кірісіп кетті. Олар: адамдар – өнімді дайындаудан сатылымға шығуға дейінгі процесті өз көздерімен көргеннен кейін тұтынушы мен компания арасындағы байланыс нығайып, брендке деген сенім қалыптасады, – дейді.
Сондықтан да маркетингтік коммуникациялардың жаһандық нарығында «Seeing is believing» атты тренд пайда болды. «Көрмейінше, сенбеймін», не «Көремін, сосын сенемін» деген түсініктермен аударылатын бұл тіркестің пунктуацияға негізделген баламасы «көру-сену» дегенге саяды. Осы бір қарапайым қағида – тұтынушы мен бренд арасындағы қарым-қатынастың қазіргі тұрпатын сипаттайды.
Адамдар мұның алдын тауар сапасы туралы пікірлерін ерекше бір құлшыныспен интернетке жариялап, сол тауарды қалай пайдаланып, қолданғандары жөніндегі тәжірибесімен бөлісуге асық болатын. Жұртшылық сол тәжірибелік сипаттамаларға иланатын, сәйкесінше брендке деген сенім пайда болатын еді. Енді ол заман өтті. Тауарды мақтап жазу ― ақырындап кәсіби қызмет түріне айналды. «Копирайтинг» деген тиын табудың жолы пайда болып, соған маманданған адамдар жазған мәтіндері үшін ақша алатын болды. Интернет кеңістігінің «объективті» ақпаратпен толып қалғаны соншалық, кекіруге айналды. «Кәдімгі» сатып алушылардың фоторептері мен бейнешолулары бірте-бірте өз құнын жоғалтып, тауар өндірушіге деген сенім құлдырай бастаған.
Адамдар: кәсібилікпен, асқан шеберлікпен түсірілген жарнама роликтеріне сенуді доғарды. Олар енді нақ сол уақыттағы оқиғаны көргісі, шындығында не болып жатқанын, ақшасын төлеп, өнімін пайдаланып жүрген компаниясының не істеп, не қойғанын білгісі келеді.
Skype пен Face Time арқылы жасалатын бейнеқоңыраулардың түрткілеуімен пайда болған: «Өз көзіммен көрмейінше, сенбеймін» деген түсінік ― өмірдің сан алуан қалтарыс-бұлтарыстарына тарап үлгерді. Бұл таралу – бренд пен тұтынушы арасындағы өзара қатынасқа да әсерін тигізді.
Өз бизнесінің тиімділігін арттырудан дәмеленген кейбір компаниялар «Seeing is believing» трендінің құралдарын маркетингтік жұмыстарында байқап та көрді. Солардың сәтті шығып, табыс әкелгендері де жоқ емес.
Атап айтқанда…
Үндістан мен Пәкістан жұртшылығы арасындағы кикілжіңдердің шиеленісуіне екі мемлекеттің бір-бірімен саяси алауыздығы себеп. Көршілес жатқан қос елдің бір-бірімен жауласуынан гөрі, дос-асуына сеп боларлық нәрселердің көп екендігін көрсету үшін, Coca-Cola компаниясы 2013 жылы қызықты коммуникациялық кампания өткізді.
1. Лахор (Пәкістан) мен Нью-Делидің (Үндістан) үлкен сауда орталықтарына сенсорлық экранмен жабдықталған сауда автоматтары қойылды. Автоматқа орнатылған сенсорлық экрандар ― нақ сол уақыттағы бейнені экран бетінде үлкейтіп көрсетеді. Яғни, Үндістандағы автоматқа жақын келген адам, Пәкістандағы автомат жанындағы адамды көре алады. Ал, пәкістандық өз кезегінде үндістандықты көріп тұрады. Оларға, бір мезгілде, экран бетіне: бейбітшіліктің символын бейнелеп, «махаббат», «достық» сияқты сөздерді жазып, тағы да басқа татулықтың белгілерін салу ұсынылды. Тапсырманы орындағандарға бір-бір бөтелке кола сусыны тегін берілді.
2. Солт-Лейк-Ситидегі «Domino’s» мейрамханасының асханасына бес бейнекамера қойылған. Кез келген адам сол бейнекамералар арқылы пиццаның қамырын илегеннен бастап пештен суырып алғанға дейінгі дайындалу процесін бақылай алады. Бұл кампанияның «Сапалы тағам дайындасаң – жасырып қалар ештеңе жоқ» деген ұраны ― Domino’s пиццаларының тұтынушыларын еселеп арттырмаса, кеміткен жоқ.
3. «Француз темір жолдары» Ұлттық компаниясы (SNCF) 2012 жылдың қыркүйегінде өзіндік бір соны кампания өткізді. Бұл кампания Лионнан Брюссельге жүргізілген жоғары жылдамдықты теміржол желісінің танымалдылығын арттыру үшін жасалды. Лионның Республика алаңына картоннан жасалған куб пішіндес қорап қойылды. Кубтың қабырғасына «Брюссельге үңіл» деген сөздер жазылып, тесіктер жасалды. Сол саңылаудан қараған лиондықтар «Брюссельге» тап болатын-ды. Ол жақта оларды қонақжай кейіптегі оркестр мен қала мэрі қарсы алады. Тесіктен үңілген лиондықтармен әңгімелеседі, Брюссельге шақырады. «Арақашықтық жойылады».
4. 2013 жылдың маусымында Стамбулда өткен үкіметке қарсы наразылықтарды Vice телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. Оқиғаның қақ ортасында жүрген журналист Тим Пул көз алдындағы оқиғаның барлығын да Google Glass көзілдіріктерінің көмегімен бейнетаспаға жазды. Көзілдіріктің бейнекамерасымен түсірілген көріністер тікелей интернетке шығарылып, телеэкрандардан көрсетілді. Осылайша, көрермендер нақ сол уақытта болып жатқан оқиғаларға өзіндік бағасын беріп, пікір білдіруге мүмкіндік алды.
5. 2013 жылдың ақпанында Koozoo әлеуметтік желісі шаң басып жатқан айфондарды веб-камера ретінде пайдалану арқылы бейнетрансляция жасауға мүмкіндік беретін қызметті іске қосты. Оны терезеге жапсырып, картаға координатын белгілеп, қуатын толтырып, интернетке қосқаннан соң камера өз жұмысына сақадай-сай болады. Осылайша ескі смартфон жолдағы кептелістерді, адамдар нөпірін, қаладағы ереуілшілердің тобын және тағы басқа өз нысанында болып жатқан оқиғаларды тарататын сенімді ақпарат көзіне айналып шыға келді. Ағымдағы бейнежазбаны аталған әлеуметтік желінің кез келген қолданушысы көре алады.
Жарнама несімен баурайды?
Оқиғанының шынайылығын анықтау мәселесі – масс-медиа мен жарнама индустриясының «іш ауыртар» түйткілі болып отыр. Адамдар жарнаманы елемеуге айналды. Оның сапасына деген талғам да өзгерді. Өнімге деген шынайы қызығушылық тудыратын жарнама жоқтың қасы. Эфирден жарнама беріле қалса, көрермен мұны әжетханаға баратын, жүрек жалғайтын уақыт, тіпті болмаса әрдеңені айтып, күліп алатын сәт деп қабылдайды. Жарнама мен шынайы өмірдің арасындағы қашықтық ұлғайып, екеуі екі кеңістікте әрекет етіп жатқандай күйге түсті.
Сөйтіп, жарнаманың шынайылығы мен күнделікті өмірдің ақиқаты арасындағы байланысты нығайту қажеттілігі пайда болды. Мұның жолы ретінде Seeing is believing әдісі таңдап алынды. «Таңдап алынды» деген сөзді қолдану артықтау болуы да мүмкін. Таңдалынбай, өздігінен баса-көктеп кіріп келді. Таңертең көзді тырнап ашып, кешкі қорылға кеткенше жалғасатын IT тірліктегі кез келген оқиға «қазір және мұнда» деген түсінікпен өтеді. Ал, жарнама болса қарапайым ғұмырдан аулақта, қияли сипатта жасалады.
Seeing is believing түсінігі жарнама нарығында да трендке айналуына осы себеп болып отыр.
Әйтсе де, «компания барын жайып салып, ағынан жарыла ақтарылады» деп ойлау ― аңғалдық болар еді. Өйткені, олардың «шын мәнісінде қандай?» екені ешкімге де қызық емес. Адамдарды ақиқатқа мүмкіндігінше жақындатылған субшынайылық қызықтырады. Осыны ескерген компаниялар болса, бренд жасағанда сол брендтің жарнамасын шынайылықпен астастыра жасайды. Жарнамалық кампанияның жүруіне жол ашылса, ол әдепкі тұтынушылардың қатысуымен орындалады.
Koozoo деген не тағы?
Koozoo – бұл жаңа әлеуметтік желі. Ерекшелігі сол, оңай әрі тез онлайн-трансляция жасауға, көруге, көрсетуге, сондай-ақ координаталарын картаға белгілеуге мүмкіндік береді. Осы қызметтің көмегімен ауруханадағы кезекті, метродағы адамдардың санын, көрші үйдің ауласында не болып жатқанын, мерекелік кештің т.б қалай өтіп жатқанын көріп, бақылап, баға беріп, пікір қалдыруға болады.
Koozoo-ды жасаушылардың айтуынша, қазіргі күнде көп адамда байланыс пен уақыт өткізудің құралы ретінде пайдаланылатын негізгі смартфон бар. Сонымен қоса қолданудан қалған, ескірген, бірақ жұмыс істейтін мобильді телефон да бар. Сол бір смартфонды ағымдағы видеоны трансляциялау үшін іске жаратуға болады. iPhone, не Android құрылғыға koozoo-дың арнайы мобильдік қосымшасын жүктеген соң, live-видеоны жасау процесі бір минутқа жетер-жетпес уақыт алады.
Koozoo-дың өзге де онлайн-трансляция жасауды қамтамасыз ететін қызметтерден артықшылығы сол, бейнебақылау міндетін атқарып тұрған смартфон оқиғаны үнемі түсірмейді. Трансляцияны ешкім қарамаған сәтте, бірнеше минут сайын үзік-үзік түсірілім жасайды. Ол эскиз ретінде пайдаланылады. Біреу-міреу әлеуметтік желі арқылы live-видео көрмек болғанда көріністің үздіксіз түсіріліп, интернет арқылы берілуі басталады.
Интернетке қосылу жылдамдығына сәйкес хабар тарату сапасын таңдау мүмкіндігі бар: 200, не 800 кб/сек. Қолданушыларды тартып, қызықты арналар жасауға ынталандыру үшін Koozoo әкімшілігі танымал трансляция жасаушыларды марапаттайды. Koozoo қосымшасы ― веб-камера арқылы толыққанды трансляция жасап қана қоймай, түсірілген роликтерді картадағы координатаға жүктей алады. Осылайша бейнетрансляция жасауға мүмкіндігі жоқ адамдар әлеуметтік желіге тіркеліп, картадағы белгілеулер арқылы сол орынға бекітілген бейнероликтерді, бейнетрансляцияларды тамашалай алады. Koozooдың тартымдылығы да сонда жатыр.
Koozoo дыбыс жазбайды. Бұл – интернетке жалғануға түсетін салмақты азайту және құпиялылықты сақтау ережесін бұзбау үшін жасалып отыр. Мұны кемшілігі дейміз бе, жоқ әлде солай болғаны жөн бе? Оны жеке пайым шешеді. Кім не десе де, koozoo дыбыс жазбайды.
Айтып, ауыз жаппай-ақ бұл жобаның бәсекелестері де пайда болып үлгерді. Көптеген адамдар: онлайн-трансляцияның жасалуы ― жеке өмірге қол сұғып, барымызды әшкере етеді деп қауіптенеді. Бейнекамералар адам аяғы көп жүретін, қоғамдық орындарда орнатылса да бұл қауіп сейілмей тұр. Бейтаныс біреулер дәл мезеттегі әрбір әрекетті бақылап, бейнекамераға жазып, таратып жіберуі мүмкін деген үрей де жоқ емес. Бірақ… Мұның бәріне пысқырып та қарамаған стартап өз жұмысын бастап та жіберді.
Жәнібек НҰРЫШ