Іздеуі жоқ қария 100 теңге зейнетақы алады

517

Оңтүстікте 100 теңге алатын зейнеткер бар. Ордабасы ауданы, Шұбарсу саяжайында тұратын жалғызбасты атайды іздеуі жоқ қария десе де болады. Ал жергілікті атқамінерлер оның бұл мүшкіл халінен бейхабар болып шықты.

83 жастағы жалғыз басты қарт
83 жастағы жалғыз басты қарт

Василий Лёвочкин есімді қария — 83 жаста. Он жылдан бері Шұбарсудағы аузы-мұрны жоқ мына лашықта тұрады. Ішерге тамағы, киерге киімі жоқ. Өйткені өзі бар-жоғы 100 теңге зейнетақы аламын дейді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=is8gQITouOg[/youtube]

Қарттық келіп, атай есептен жаңылған дерсіз. Бірақ олай емес. Құдайы көршісі Ахмет Үсенов қарияның 45 мың теңге зейнетақы алатынын айтады. Алайда ақшаны егде кісі емес, Ахметтің  өзі ұстайды. Айтуынша, саяжай тұрғындарының өтінішімен қартты қарауына алған. Көмек қолын созып, тамақтандырып, шомылдырып тұратын көрінеді.

Дегенмен, Василий атай тоқ адамға ұқсамайды. Бізге үш күннен бері ештеңе жемегенін айтты. Арқалай барған нанымызды қомағайланып жеп алды. Ал жергілікті билік жалғызізілікті жанның жағдайынан бейхабар. Мамандар «Бұл атаны алғаш көрдік, жағдайы туралы енді естідік» дейді. Алдағы күндері арнайы комиссия құрып, тексереміз деп отыр.

Әнуар Тұрсынбаев, Ордабасы аудандық әкімдігінің әлеуметтік қызмет бойынша бас маманы: «Комиссия құрамыз, тексереміз. Ауданға, облысқа хатпен шығатын боламыз. Егер мемлекет тарапынан көмек болса, көрсетеміз.»

Зейнетақысын түгендемек түгілі, ішерге ас-ауқат таппай отырған Василий Алексевич Шымкент қаласында тіркеуде тұрады. Бірақ көшеде қалған қария құжаттарының қайда екенін де білмейді. Қарттар үйіне өз аяғымен бара да алмайды. Сол үшін әлеуметтік бөлімнің көмегіне зәру.