Менің әжем…

Шырынкүл әже
Шырынкүл әже
Шырынкүл әже

«Менің әжем әлі де, 

ұқсамайды кәріге.

Шәй қайнатып береді,

Біздің үйдің бәріне», – деп келетін тақпақты бәріміз де жаттап өстік емес пе?! Дегенмен, осы тақпақ тек менің әжем үшін айтылғандай күй кешетінім бар. Оның үстіне, сағындым. Әжемді сағынып жүрмін. Иә, абыз әжемнің аялы алақанын аңсаймын. Тіпті, соңғы кездері түсіме маған арнап сүтке май салынған тағамды әзірлеп жүргені де жиі енетін болды… 

Әр жылы 8-наурыз мерекесі желкелей жетісімен әжемді қалай құттықтасам, не сыйласам деген ойлармен жүремін. Қазір де солай.

…Бетім кенеттен жылынып сала берді. Аядай бөлмедегі салқында бұл бірден сезілді. Ұйқымды қимай мүлгіп, біраз жаттым. Бірақ қоңыр дауыс ұйқымды еріксіз бөліп жіберді. Көзімді ашсам, жылы шырай жүзімен күліп қарап отыр екен. 

– Ау әже? – деймін ерініп.

– Ыстық сүтке май салып қойдым, тез жуынып, ішіп ал, суып қалады. 

Еее, қолы сондықтан жылы болған екен ғой деп, ойлап әлі жатырмын. Көп ойланбай орнынан тұрып кетті. Әжем есікті сығалата жауып кеткенімен, артынша аңқия ашылды. Бөлмеге ыстық сүттің иісі бұрқырап келе бастады. Еріне жылы төсегімнен тұрдым. 

– Әже сиырды сізден басқа сауатын адам жоқ па осы үйде?,-дедім жаным ашығанын сездіргім кеп.

– Сен саусаңшы онда.

– …

Өзіме де сол керек. Саумаған соң нем бар еді айтып деп тілімді тістедім.

– Денім сау, аяғым жарап тұрса неге өзім саумасқа?! Немере келінді таң атпай оятып әуре еткім келмейді. Бұл шаруаны жүзге келгенде өздеріне тапсырамын ғой. 

– Олар ұйықтасын дейсіз, онда мені неге ояттыңыз таң атпай, – деймін бұртиып. 

– Қоспасы жоқ таза сүтті ішпегеніңе көп болған шығар деп оятқаным ғой.

Ол кезде Шырынкүл әжемнің жасы сексеннің сеңгіріне шыққан. Биыл 8-ші наурызда тоқсанға толады. Енді он жылдан соң әжем сиыр саумайтын шығар… Ойымды әжеме деген сағыныш тағы бөлді.

Қатты сағынған соң, былтыр жазда нағашыларымның үйіне барып қайттым. Бұрын 90-дағы әже десе, бет-жүзін әжім басқан, шашы аппақ, отырса тұра алмайтын, тұрса отыруы қиын кейуана елестейтін. Бірақ, көпті көрген менің әжемнің көзінен ғана кәрілікті аңғаруға болады. Табалдырықтан аттағаным сол, аяқ киімімді шешем дегенше ол кісінің жылдам басып жаныма кеп қалғанын байқамай қалдым.

– Ұшып келдіңіз бе?, – деп күлемін құшақтап тұрып. Шапшаңдығына таң қалдым.

– Енді болмағанда Шымкентке өзім жолға шығайын деп отырған едім. Неге келмейсіңдер сендер а? – деп ұрса жөнелді. Қаперімде не айтарымды білмей, еркелей бастадым. 

Шәй ішіп отырмыз. Әжем Шымкенттегі бүкіл ағайын-жекжаттың бірін қалдырмай сұрап отыр. Қанша бала-шағасы барына дейін біледі. 

– Әже жаңғақ жеп алғансыз ба? – деймін әзілдеп.

– Қайдағы жаңғақ?

– Сіздің есте сақтау қабілетіңізге тәнтімін. Қалай бәрін ұмытпайсыз?

– Е, неге ұмытады екенмін. Сендер ғой ұмытшақ. Қазір айтқанды дереу естен шығарып аласыңдар. Мен секілді он балаң болса, аттарын ұмытып қалатын шығарсың. Қазіргі жастар он бала тумақ түгілі, үшеуін көп көреді.

– Оның бәрін мына заманда асырау, тәрбие беруді айтсаңызшы, – деймін әңгімесін сабақтай түсіп.

– Баланы ес жиғаннан білімге баулып, адалдыққа тәрбиелеу керек. Сонда ол ешқашан жат әдетке бұрылмайды, тек дұрыс жолмен жүретін болады. 

– Әже сізде неге әжім аз? – деймін сасқанымнан. – Сабырлы болғасын шығар, иә?

– Компьютердің алдында немесе ана қолыңдағы пәлені (ұялы телефонды айтады) таңертеңнен кешке дейін шұқылап отырмай, бір мезгіл далаға шығып қимылдап тірлік жасасаң, шыдамды, әрі сабырлы боласың, – деді де әжем орнынан тез тұрып, сыртқа шығып кетті. 

Терезеден қарауға ұялдым. Соңынан ердім. Міне ғажап, әжем ауладағы бақшаның ішінде өзі еккен қияр мен қызанақты теріп, жинап жүр екен. Қомағайланып, асығыс-үсігіс жеп алдым да, мен де кірісіп кеттім. 

– Осыларды шайтан қуып келе жатыр ма ей? – деп әжем күбір етті. Айтқанын аса түсінбесем де, сөздің төркінін сұрауға батпадым. Бәлкім, көкөністі жумастан жей салғаныма кейіген түрі шығар. Қайран менің әжем! Қартаймаңызшы. Мен үшін сіз жүз жаста да дәл осы қалпыңызда қалғаныңызды қалаймын. Немерелерім үшін деп бау-бақша өсіріп, сиыр сауып жүрген менің әжемдей әжелер қазақта өте көп. Барлығына амандық тілеймін!

Ал мен дәл қазір асыл әжемнің абыз әңгімелерін сағынып жүрмін. Ауылға тартып кетсем бе екен…

Ғалия МҰХАМБЕТҚЫЗЫ