Бүгін өңірімізде Наурыз айтысы басталды. Жыр бәсекесі биыл ақын әрі алып күш иесі Балуан Шолақтың — 150, Орынтай Таймановтың — 140 және бірқатар қоғам қайраткерлері мен қаламгерлердің құрметіне арналып отыр. Айтулы өнер аламаны биыл сахнада жас таланттардың тұсауын кесуімен де ерекшеленді. Жыр-сайыста көпшілік жаттанды өлеңге бой алдырып, ақтық сында тосылып қалған айтыскерлердің қадамына да куә болды.
Ақындар айтысты, ә дегеннен-ақ, ұлы тұлғалардың еңбектерін елеуден бастады. Айтыс сахнасына алғаш болып көтерілудің өзі үлкен қобалжу мен шын талантты қажет етеді. Мұны сайыста Нұрлыбек Мейірман мен Анар Жаппарқұлова алғаш болып сезінді. Жуырда «Көмейден жырлар ағылсын» облыстық жыр бәсекесінің жеңімпазы болған Нұрлыбек бұл жолы да көптің қошеметіне бөленді.
Нұрлыбек Мейірман, ақын: «Әттеген-ай болды, ой деген — түлкі сияқты, қашып жүреді. Сахнадан шыққанан кейін неге бұлай айтпадым, неге олай айтпадым деген ойлар мазалайды. Үмітсіз шайтан дейді ғой, жүлдеден үмітім бар. Ал Анар әпкеме келетін болсам, шумақтардың техникасын жақсы меңгерген ақын. Ең алғаш 10-сыныпта жүргенде айтысқан едім Анар әпкемен. Сондықтан анау айтқан қорқыныш болған жоқ.»
Сөз асылын саптаушы айтыскерлердің өнерін 4 адамнан құралған қазылар алқасы бағалап отырды. Олар — ақын Ханбибі Есенқарақызы, Әбілдә Аймақ, Қабылбек Төретайұлы мен айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова болатын. Өкініштісі сол — айтулы аламанда көрермен жаттанды өлеңге бой алдырып, тосылып қалған айтыскерлердің қадамына да куә болды. Айтысты жүргізіп отырған қаламгер Көпен Әмірбек те ақындарға сын айтты.
Көпен Әмірбек, жазушы: «Қара сөзді қанша шақырғанмен, пайда шықпайды. Сендер болашақта үлкен дайындықпен шығасыңдар деп ойлаймын. Айтыс деген — елек қой, керегін алады, керек емесін лақтырады. Сендер керекті алып қалмадыңдар, айтысты қазір керек жерінен тоқтатыңдаршы.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=TSftYZtHgIs[/youtube]
Ханбибі Есенқарақызы, қазылар алқасының мүшесі: «Ақынның домбырасының үні мен даусының сәйкес келуі, ойының жарқындығы, сөзінің дәлдігі, айтқан шындығы — осы жағдайларға мен баса көңіл бөлемін. Жастардың ойы жақсы, ой бар әрқайсысында, бірақ дәлдік жоқ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтып, жарқырап жатқандар кемде-кем.»
Ақтай Батырбеков, көрермен: «Мен бүгінгі айтысқа Мақтаарал ауданынан келдім, айтыс өте тартысты өтіп жатыр. Мен бұл айтыста Қажымұхан Абзалов жеңеді-ау деп отырмын. Себебі, айтқан сөздері ұтымды, мәні мен мағынасы да терең.»
Бұл күні бас бәйгенің әлегін әзіл-айтысқа арқау еткен Қажымұхан Абзалов пен Біржан Байтуов Наурыз айтысының ажарын ашты. Айта кетейік, айтулы аламанның жеңімпаздары сәрсенбі күні белгілі болады.