Шымкентте үй қирап қалды

494

Шымкентте тұрғын үйдің бір бөлігі қирап қалды. Қираған баспана сол сәтте үйдің ішінде болған қожайыны мен қонақтарды басып қала жаздапты. Апат орнына 4 құтқарушы келді. Олар үйінді астынан құжаттар, Еңбек ардагерінің ордендері мен медальдарын және қару сақталған сейфті алып шықты.

Қабырғасы опырылып қалған баспанаға қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов бастаған арнайы жұмысшы тобы келді. Үй иелерінің айтуынша, баспананың құлауына көршілер кінәлі көрінеді. Олар құрылыс жүргізу барысында арықтарды бітеп тастапты. Соның салдарынан тасыған су үйдің іргетасын мүжіген. 1937 жылы салынған бұл баспананы кезінде бірнеше мәрте су басыпты. Тап қазір үй маңындағы қашыртқы арықтардың іші қоқысқа толы. Бірнеше мәрте айқайлап келтіре алмаған техникалардың тез арада жеткеніне үй иесі аң таң.

Юрий Лобковский, үй иесі: «Бұрын да жауын жауып, су болатын. Бірақ, бәрі арықпен ағып кететін. Қалай мына көрші зәулім ғимарат сала бастады — құрылыс нормалары бұзылып, көше қоқысқа солай толды.»

Құтқарушылар дер кезінде келген
Құтқарушылар дер кезінде келген

 

Алғашқы болжам бойынша үйдің құлауына бірнеше себеп бар. Соның бірі — құрылыс нормалары сақталмай, арықтың бітеліп қалуы. Оған қоса табиғаттың тосын мінезі де өз кесірінен тигізген. Қала берді іргетасы күйген кірпіш қаланған көне үйдің қабырғалыры қам кесектен соғылыпты. Қалай десек те соңғы қорытындыны арнайы комисия анықтайтын болады.

Нұрболат Дербісов, қалалық төтенше жағдай басқармасының басшысы: «Біз барлық жағдайды егжей-тегжей тексеретін боламыз. Себебі, тұрғындардың немқұрайлылығының кесірінен иригациялық жүйелердің бітеліп қалуы аз емес. Ал мына үйдің көршілерінің құрылылыс нормаларын қалай сақтағаны да тексеріледі.»