Шымкентте жарылыс ұйымдастырғандар сотталды

296
Айыпталушылар

Шымкентте жарылыс жасағандарға қатысты сот үкімі оқылды. Чапаевка елдімекенінде жарылыс жасады деп айып тағылғандардың соты бірнеше айға созылған болатын. Бүгін осы іске нүкте қойылып, айыпталушыларға жаза тағайындалды.

Айыпталушылар
Айыпталушылар

Бейбіт уақытта бомба жарып, елді дүрліктіргендердің саны — үшеу. Олар 55, 26 және 22 жастағы жергілікті тұрғындар. Үшеуі бір күнде қолға түскен еді. Сол кезде полиция қызметкерлері бұл сезкіктілердің бұған дейін де жарылыс жасағандарға қатысы бар деп бірден айтқан еді.

Ақыры тергеу аяқталды, күдіктер дәлелденді. Сот осылай деп шешті. Ұзаққа созылған процессті қорытындылаған судья үкімін шығарды. Айыпталушылардың ешқайсысы жеңіл жаза алған жоқ. Барлығы да қатаң режимдегі түрмеге қамалуы тиіс. Үкім солай болды.

Мырзахан Исаев, ауданаралық мамандандырылған қылмыстық соттың судьясы: «Демченко мен Аманбалаев басқа эпизодтар бойынша, яғни, бопсалау, адамның затын тартып алу бойынша кінәлі. Сосын Демченко өз жиендерін қылмысқа итермелеген. Содан кейін олар бопсалаған адам асылып өлді. Осы мән-жайдың барлығын ескеріп, Ефимовті 14 жылға қатаң режимдегі түрмеге, Демченконы 14 жылға ерекше режимдегі түрмеге, ал Аманбалаевты 13 жылға қатаң режимдегі түрмеге қамау туралы үкім шығарылды.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=k18Jlc2vG5M[/youtube]

Ал айыпталушылардың туыстары бұл үкіммен үзілді-кесілді келіспейді. Олар полиция қызметкерлері күдіктілерге қысым жасады деп отыр. Тіпті, жәбір шеккендердің өздері де айыпталушыларды ақтап отыр деп салды.

Жанат Аманбала, айыпталушының анасы: «Зардап шеккендердің өздері айтты — «Қарсымыз. Бұлар емес» деп. Барлығы айтты. Сіздер қатыса алмадыңыздар. Сол кезде айтты. Өздері айтты. Біз Жоғарғы сотқа дейін барамыз. Үкіммен келіспейміз. Біз дәлелдердің барлығын судьяға бергенбіз. Баламды қинаған. 26 сағат ұйқы бермеген.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=L1W7ZOYARwk[/youtube]

Айта кету керек, жарылыстар 2012 жылдан бастап 1 жыл бойы дүркін-дүркін орын алып тұрды. Барлығы 12 жарылыс болған дейді ішкі істер департаментінің мамандары. Соның салдарынан 6 адам жарақат алған болатын. Араларында нәресте мен жас келіншек те бар. Ал бүгінгі таңда айыпталып отырған үшеудің барлығы да бұған дейін сотты болған.