Шымкенттегі зияткерлік мектепке — 1 жыл

420

Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ашылғанына 1 жыл толды. Атаулы датаға орай мектеп ұжымын құттықтаушылар қатары қалың болды. Ата-аналар мен өңіріміздегі білім саласының басшылары зияткерлік мектептің тәй-тәй басқан қадамына сәттілік тіледі. Сонымен қатар М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен екі арада меморандум түзіліп, оқушыларға білім-ғылым саласына баулитын тағы бір жол ашылды.

мерекелік концерт

Зияткерлік мектептің ұжымын құттықтай келген қонақтар көп болды. Барлығының тілегі бір, жас ұжымға жүректен шыққан жылы сөздерін арнады. Ал ізденімпаз оқушылар сыйға құрмет көрсетіп, ән мен жырдан шашу шашты. Мектептегі алты жүзге жуық оқушының басым бөлігі ауылдан келген. Алғашқысында жатсынып, ұяңдық танытқан олар да бүгінгі таңда алғырлыққа үйреніп, білім алудың даңғыл жолына түскен.

Ботагөз Сартаева, оқушы: «Бір жылдың ішінде шыдамды болуды үйрендім. Бірінші болуға ұмтылып, үш тілді меңгердім. Мұғалімдерден жатсынатын едік, қазір құрбымыздай сырласамыз.»

Мереке күні мектеп ұжымы мен өңіріміздегі Мұхтар Әуезов атындағы университет басшылығы меморандумға қол қойды. Екі жақты келісімнің нәтижесінде оқушылар бос уақытында жоғары оқу орнының кітапханасына барып, жүзу бассейнінде жаттыға алады.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=4kRizrhA_HY[/youtube]

Жұмахан  Мырхалықов, ОҚМУ ректоры: «Бірге ғылыми-инновациялық жұмыстарды атқарамыз. Бірге іс-шараларды ұйымдастырамыз. Ғалымдарымыз үйірмелерін ашады. Біз университеттің кабинетін ашамыз. Оны жабдықтаймыз.»

Алғаш рет туылған күнін атап өткен ұжымның бір жылда жеткен жетістіктері көп. Ендігі мақсат — еліміздегі зияткерлік мектептерді басып озып, алдыңғы қатардан көріну.